Балалар

Мектеп асханасына мониторинг жүргізілді

«AMANAT» партиясының облыстық филиалының жұмыс тобы Жұмысшы кентіндегі 44-ші мектепте болды. Мақсат – асхананы аралап, балаларды тамақтандыруды ұйымдастырумен танысу. Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Орта мектепте 530 оқушы бар. Мектеп асханасы 80 орынға арналған. Бастауышта 204 бала оқиды. Барлығы тегін аспен қамтылған. 17-сі жалпыға бірдей білім беру қорынан тамақтанады. Білім ұясының басшылығы мен қызмет көрсететін кәсіпкер арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты 2019 жылы жасалған. Жеке кәсіпкер 2,7 млн теңгеге асхананы жөндеп, тиісті жабдықтар сатып алған. Оқу жылына дейін әлі ас блогының қабырғаларын дұрыстайды. Мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан асхана жұмысына қатысты шағым тіркелмеген. Тексеріс барысында мәселе де шықты. Штатта бейінді медицина маманы жоқ. Ол тағамның калькуляциясын, құрамын, нәрлілігін есептей отырып тиісті ас мәзірін әзірлеуі тиіс. Мәселе бақылауға алынды, партиялық бақылау комитетінің отырысында қарастырылатын болады.

 

Данаш Хамза