Құқық қорғау органдары

Көпшілік назарына апатқа ұшыраған көліктер ұсынылды

Қазіргі таңда қаламыздың ішінде де, сыртында да көлік жүргізушілер зымыранша зулайды. Кейбіріне қарап бас та шайқаймыз. Мұндайға жол берілмеуі тиіс. Жоғары жылдамдық – апатқа себепші. Бұның ар жағында адамның өмірі мен денсаулығы тұр. Мына машиналар соғылған, аударылған. Кез келген адамның зәре-құтын қашыратын бұрынғы темір тұлпарлар жайдан жай қойылып отырған жоқ. Петропавлда арнайы акция ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – салдар арқылы жүргізушілерді сабырлыққа шақыру.

ТАЛҒАТ СМАГҰЛОВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ СҚОФ директоры:

– Бүгін бірнеше ұйымның және тәртіп сақшыларының бірлесуімен өте маңызды шара ұйымдастырылып отыр. Біз осы акция арқылы жол-көлік оқиғаларының санын азайтқымыз келеді. Тұрғындарға апатқа ұшыраған машиналарды көрсетеміз. Мұндай жағымсыз көрініс адамдарды ойландырады деген сенімдемін.

Адамдарға апат жайлы айтқан да артық етпейді. Шара барысында ұйымдастырушылар шаһар іргесінде көліктерді тоқтатты. Олардың жүргізушілеріне қауіпсіздік жайлы жазылған жаднама қағаздар таратылды.

Өкінішке қарай, қанша айтылғанымен жағдай түзелмей тұр. Жолдарда апат жиілеп кетті. Салдарынан адам шығыны тіркелуде.

АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыста 176 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 16 адам қаза тапты және 244 адам жарақат алды. Статистика мәз емес. Құрметті көлік жүргізушілері, жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыздар! Сіздер ортақ талапты орындамасаңыздар, өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндіресіздер!

Акция республикалық жолда жалғасын тапты. Апатқа ұшыраған машиналарды тиеп алған арнайы көлік Бескөлге қарай бағыт алып, жұртшылықтың назарын аудартты.