Экономика және қаржы

Ағымдағы жылы теріскейлік 107 жеке тұлғаның несиесі кешірілген

Халықты кредиттеу проблемаларын шешу үшін банкроттық рәсімді қолданып, тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қажет. Осы күнге дейін соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдері бойынша 397 теріскейлік жеке тұлға өтініш берген. Соның 107-сінің қарызы кешіріліпті. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Гүлнара Тагирова азаматтарға қатысты банкроттыққа кеңінен тоқталды.

ГҮЛНАРА ТАГИРОВА, СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

– 2023 жылдың 3-ші наурызынан бастап департамент азаматтардан банкроттық рәсімді қолдану бойынша өтініштер қабылдауда. Тәжірибе көрсеткендей, ең көп сұранысқа ие – соттан тыс банкроттық рәсім.

Елімізде 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау жүргізіліп жатқаны бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда 3-ші кезеңі өтіп жатыр. Биылғы жылы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. Маңызды міндетті 60 мыңға жуық солтүстікқазақстандық тапсыруы тиіс.

ГҮЛНАРА ТАГИРОВА, СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

– Декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме кәсіпкер немесе заңды тұлға қызметті жүргізбесе де орындалуы тиіс. Декларацияның өзі сауалнама түрінде ұсынылған.

Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі қырқүйектің 15-і күні аяқталмақ. Айта кету керек, тұлға міндетті мүлде орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.