Қоғам

Тайыншалық мехбригаданың жұмысы

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Большая Малышка ауылында 321 баспананы су басты. Соның жартысын көбі мехбригалардың күшімен қалпына келтіріледі. Иелері осындай шешім қабылдаған. Өз күштеріне сенген жерлестеріміз де қазір еңбек етуде. Маңызды жұмыспен арнайы барып таныстық.

Скуйбидалар отбасы – мехбригада көмегінен бас тартқан жандардың бірі. Қалыпқа келтіру жұмыстарын олар өздері жүргізуде. Жанұя мүшелеріне туысқандары мен жолдастары көмектесіп жатыр.

ВЛАДИМИР СКУЙБИДА, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен үйдің қабырғаларын жөндеп, еденін түгелдей ауыстырдым. Жақындарымның бәрі келіп көмектесіп жатыр. Баспана 4 млн 700 мың теңгеге бағаланды. Сол ақшаның барлығын осы үйге жұмсаудамыз. Қалпына келтіру жұмыстарын 2 апта ішінде аяқтаймын деп отырмын. Қалғаны іс шамалы. Есіктерді ауыстырып, тұсқазағын жабыстырамыз.

Юсиф Алиевтің жанұсы да тасқыннан зақым келген үйлерін өздері жөндеп жатыр. Көпбалалы отбасы тұратын баспана 4 бөлмелі. Берілген 6 млн теңгеден астам қаржы жетіп жатыр. Оған кіреберіс бөлігін жаңадан салып, жөндеу жұмысын жүргізген.

ЮСИФ АЛИЕВ, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бізде жөндеуден бөлек, құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Маған өзімнің бауырларым көмектесуде. Олар – өз істерінің мамандары. Үйдің екі бөлмесін толықтай аяқтадық. Енді бір бөлме мен кіреберіс қана қалды. Күзге дейін үлгереміз.

Надежда Крутских жолдасымен керісінше мехбригаданың көмегіне жүгінген. Себебі, мұндай жұмысты атқаруға шамамыз жетпейді дейді. Тайыншалықтардың бұл үйге аялдағанына 40 күннен асыпты. Жұмысты 3-4 күнде аяқтауды жоспарлап отыр.

НАДЕЖДА КРУТСКИХ, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Тасқын кезінде су терезеге дейін жетті. Үйдің іші-сыртын шайып кетті. Дүние-мүлкімді шығарып үлгермедім. Тайыншалық мехбригаданың жұмысын жоғары бағалаймын. Барлығын ұқыптылықпен жасап жатыр.

Жалпы, тасқынға дейін ауылда 900-ге жуық тұрғын тұрған. 100-ден астамының баспанасы апаттық жағдайда деп танылып, бұзылатын болған. Кейін тұратын жерлері болмағандықтан, басқа елді мекеннен баспана беріліп, ауылдан көшіп кетіпті.

РАШИД ХАСАНОВ, учаске басшысы:

– 24 баспанада қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. 14 үйді тапсырдық. Енді 3 күннен кейін 8 үйді аяқтаймыз. Бір мәселе – тұрғындар құрылыс материалдарын ұзақ іздеп кетеді. Олар әрине сапалысын, жақсысын алғылары келеді. Біздің мехбригадада 22 адам бар, үш-үштен бөлініп істеп жатырмыз.

Мехбригадалардың жұмысын Большая Малышкаға келген аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов қарап шықты.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Су тасқынына байланысты Қызылжар ауданында 18 елді мекенді су басты. Техника жағынан сараптама өткізгеннен кейін 385-і апаттық жағдайда деп танылды. Қалған мыңға жуық үйде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Ауылда мехбригадалар тұруға жарамсыз деп танылған үйлерді бұзу жұмыстарымен де айналысуда.

 

Мәдина Қаби