Ауыл шаруашылығы

Тайыншаға қытайлық делегация ат ізін салды

Тайынша ауданында орналасқан Аймақ ауылындағы «Memolux» серіктестігі Қытай Халық Республикасымен 2016 жылы әріптестік орнатқан. Агроқұрылым бидайды қабылдау, кептіру және жөнелтумен айналысады. Жылдан-жылға өндіріс көлемін арттырып, көпшілікке танылып келеді. Мұның барлығы – қарым-қатынастың жемісі. Айта кетейік, Қытайдың «Айдзю» ұйымы бұл жерде заманауи паркті іске қосты.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Биыл «Memolux» компаниясы Аймақ ауылында құрамажем және ұн шығару кәсіпорнын ашты. Бүгін мұнда Шэньси провинциясындағы коммунистік партияның өкілдері келіп отыр. Олар Қазақстан тарапынан халықаралық бизнесті дамыту үшін жасалып жатқан жағдаймен таныспақ.

Қытайдан келген қонақтарға экскурсия ұйымдастырылып, кәсіпорын жұмысы туралы айтылды. Құрамажемнен бөлек, мұнда жылына 200 мың тонна ұн, 100 мың тонна кеспе де өндіріледі. Жалпы, жылдық тауар айналымы 1 млн тоннаны құрамақ.

Кейін тараптар «Айдзю» ұйымының логистикалық өңдеу паркінде бас қосты. Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов барлық сұрақтарға жауап берді.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қытайда жоспарлы экономика деген түсінік болуы тиіс. Біздің жоспар – 557 млрд теңге. Оны жылдың соңына дейін орындауымыз керек. Сол үшін күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Инвесторымыз Цзя Хэй мырзаға алыс білдіреміз. Ол кезінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Көкшетауды көп зерттеп, өндірісін қайда ашарын білмеді. Соңында біздің аймақты таңдады. Бұл – «Тайынша-Май»-дан басталған қазақ-қытай арасындағы алғашқы сәтті жоба. Мұндай бастамамен ешбір өңір мақтана алмайды.

Тараптар сыбайлас жемқорлықтан ада болуға ниетті. Кездесуде қытайлық делегация өкілдері экономикалық қылмыспен күрес жолдарын ортаға салды. Өз кезегінде жергілікті бейінді департамент басшысы сөз сөйлеп, жоспарлы шараларды жіпке тізді.

АСХАТ ЖАҚЫПБЕКОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бизнес дұрыс дамыса, экономика да алға басарын бәріміз білеміз. Сондықтан, “Бизнеске жол” жобасы аясында облыста жұмыс топтары құрылды. Оның құрамына біздің қызметкерлер, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Біз адал кәсіппен айналыспайтын жандардың бар екенін білеміз. Мұндай кәсіпкерлерге жіті көңіл бөлінеді. Біз әрбір тергеу әрекетін орталықпен үйлестіреміз.

Келіссөздер соңында әріптестер естелік сыйлықтармен алмасты. Меймандар облыс әкіміне Қытайға ресми шақырту табыс етті. Күзде құрметті қонақтар келіп отырған провинцияда халықаралық көрме өтпек. Делегация басшысына өңір жетекшісінің атынан Солтүстік Қазақстан пейзажы бейнеленген картина табысталды.

Осыдан кейін делегация Ильичевка ауылына барды. Дәл сол жерде жылына 300 мың тонна өнім өндіретін алғашқы зауыт салынды. Мұндағы мамандар майлы дақыл өсірумен, оны өңдеумен және Қытайға экспорттаумен айналысады. Майдың 4 түрі шығады: күнбағыс, рапс, мақсары және зығыр. Айта кету қажет, жұмысшылардың біліктілігін арттыруға ерекше мән берілген. Бұған дейін зауыт қызметкерлері Қытайға барып, шеберлік шыңдапты. Барлығы жасалған жағдайға разы.

МӘНШҮК ЗАРДЫХАН, “Тайынша-Май” ЖШС өкілі, Тайынша ауданы:

– “Тайынша-Май” ЖШС ауылдағы адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Жалақы уақытында түседі. Көмек көрсетеді. Мектепке баратын балаларға оқу заттары таратылады.

Қытайлық кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар өндіріс көлемін арттырмақ ниетте. Мысалы, қазір «Айдзю» ұйымы Тайынша ауданында 100 мың гектарға дән себеді. Болашақта көрсеткішті 300 мыңға дейін жеткізбекші. Бұл – жоспардың бір бөлігі. Серіктестер басқа да салаға мән бермек.

ЦЗЯ ХЭИ, «Айдзю» логистикалық өңдеу паркінің құрылтайшысы:

– Біздің әріптестігіміздің арқасында қазір қазақстандық және қытайлық ғалымдар бірлесе жұмыс істеуде. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытқымыз келеді. Елдеріңізде жеткен жетістікті қытайлық кәсіпкерлер естіді. Бүгінгі таңда олар да шекара сыртына жиі қарайлап, аймақты зерттеп жатыр. Келіп, өндіріс орындарын ашады деген сенімдеміз. Сонымен қатар, мен өңірде туризмді дамытқым келеді. Болашақта киіз үй үлгісіндегі мейрамханалар ашсам деймін. Келген қонақтарға соларды және тұмса табиғатты көрсетер едім.

Қоса кетейік, өңірге Қытайдың Шэньси провинциясынан делегация алғаш рет келіп отырған жоқ. Осымен “Тайынша-Май” и “Memolux” серіктестіктерінде қонақтар 5-ші мәрте болды.

 

Байболат Құлтанов