Спорт

Солтүстікқазақстандық бұрымды Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысады

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Биыл 8-ші және 14-ші қыркүйек аралығында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жаһан жұрты көз тіккен шараға 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Дүбірлі додада теріскейліктер де ел намысын қорғамақ.

Астана төрінде өңіріміздің атынан ел намысын Сәния Әскерова қорғамақ. Солтүстікқазақстандық бұрымды бес асықтан сынға түседі. Нәзікжандымен тілдесіп көрдік. Ол аталған ойын түрімен 7 жылдан бері айналысады екен. Дүниежүзілік көшпенділер бәсекесіне сақадай сай. 2 апта бойы Шучинск қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылармен жаттығыпты. Дүбірлі додаға ағымдағы жылдың ақпан айында Алматыда өткен оқу-жаттығу жиынында жоғары нәтиже көрсетуінің арқасында жолдама алған.

СӘНИЯ ӘСКЕРОВА, бес асықтан спорт шебері:

– Көптеген жетістіктерім бар. Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерімін. Еуразия кубогының жеңімпазымын.

Нәзікжандыдан неге осы спорт түрін таңдағанын сұрадық. Оның сөзінше, ата-бабамыздан қалған мұра ептілік пен шапшаңдықты, қырағылықты шыңдайды екен. Осынысымен де Сәния Әскерованы баурап алған көрінеді.

СӘНИЯ ӘСКЕРОВА, бес асықтан спорт шебері:

– Мектеп кезінде үзілісте қыздармен асық ойнайтынбыз. Бір күні жаттықтырушымыз облыстық жарыс болатынын айтты. Сол жарысқа күндіз-түні дайындалдық. Содан бастап осы ойынға қызығушылығым оянды.

Қазіргі таңда өңір төңірегінде бес асық, асық ату сынды ұлттық ойын түрлері қарқынды дамып келе жатыр. Спорттың бұл түріне қызығушылық танытатындардың да қатары көбеюде. Бұрымды қыз алдағы уақытта өзінің үйірмесін ашпақ ниетте.

СӘНИЯ ӘСКЕРОВА, бес асықтан спорт шебері:

– Болашақта бес асық ойынын өңірімізде дамытқым келеді. Қазіргі таңда көп қыз бұл спорт түріне қызыға қоймайды.

Айта кету керек, Сәния Әскерова – барша түркі әлемі көз тіккен додаға бес асықтан қатысатын тұңғыш солтүстікқазақстандық.