Балалар

СҚО-да биыл 2 бала терезеден құлап кетті

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде брифинг өтті. Тақырып – балалар жарақатының алдын алу. Мәселе өзекті. Өңірде жыл басынан бері терезеден 2 бала құлап кетті. Мамандардың айтуынша бұған себеп – ата-аналардың немқұрайлылығы.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Бүкіл жағдайда балалар терезеге орындыққа мініп өздері шыққан. Сосын шыбын-шіркейден қорғайтын торға сүйенген. Сәуірдің 20-сында Әуезов көшесіндегі 5 қабатты үйдің 3-ші қабатында бала осындай торға сүйенемін деп құлап кеткен. Екінші жағдай 1 жарым ай бұрын болды. Маусымның 10-ы күні Ибраев көшесінде 5 жастағы бала 5-ші қабаттан құлап түскен. Балалар жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Айтпақшы, балаға дұрыс қарамаған ата-анаға заң бойынша жауапкершілік қарастырылған.

САҒИДУЛЛА ИТЕКБАЕВ, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Адам өміріне немесе денсаулығына қауiптi жағдайдағы және сәбилiгiне, қарттығына, науқастығына қарай немесе өзге де дәрменсiз күйi салдарынан өзiн-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкiндiгiнен айырылған адамды көрiнеу көмексiз қалдырған жағдайда ҚР ҚК 119-шы бабы бойынша жаза қарастырылған.

Ойын баласының әр қадамын аңдымаса болмайды. Басыңды бұрсаң болды зып етіп жоқ болады. Сол уақытта терезеге де шығып кетуі мүмкін. Осал терезені түрлі жабдықтар орнату арқылы берік қылуға болады. Ол туралы арнайы фирма өкілі баяндады.

РИНАТ СЕЙПИЕВ, фирма жетекшісі:

– Терезені 90 келі салмақ түскенде де былқ етпейтіндей қылып жабдықтауға болады. Яғни, бала терезеге тағылған дүниені жұлып тастай алмайды, терезені аша алмайды. Оған ересек адамның ғана шамасы жетеді.

Брифингіде өрт қауіпсіздігі туралы да айтылды. Жыл басынан бері облыста 221 өрт тіркелген. 15 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алған. Құтқарушылар тұрғындарға қайда болсын өрт қауіпсіздігі ережесін ұстану қажеттігін қаперге салады.

 

Данаш Хамза