Балалар

Полиция қызметкерлері балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Бір топ полиция қызметкері “Достық” лагеріне барып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Жиылған 300-ге жуық бала шенділердің айтқанын ұйып тыңдады. Яғни жолда, самокат пен велосипед тепкенде, суға түскенде, жалпы ойын ойнағанда өзін қалай ұстау керек, не нәрсеге мән беру керек? Осының бәрін мамандар сауықтыру лагерінде демалып жатқан жасөспірімдерге бүге-шүгесіне дейін баяндап берді.

ЖАНАТ МҰСТАФИНА – қалалық ПБ ювеналды полиция бөлiмшесiнiң бастығы:

– Бұл кездесу «Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылды. Полиция басқармасының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмысын өткізіп, заңмен қарастырылған жауапкершілік жайында да айтты.

Шараға криминалистер мен патрульдік полиция мамандары да қатысты. Олардың атқаратын қызметі балаларға тіпті қызықты болды. Криминалистер қылмыскер қалдырған іздерді зерттейтін құралдар салынған шабаданын ашып көрсетті. Патрульдік полицейлердің жарқылдаған көліктері де балалар үшін таңсық дүние. Оған мініп, дауыс зорайтқыш пен бейнекамераларының қалай жұмыс істейтіндігін көрді.

– Расказывали они про обыски и чем занимается полиция. Есть конечно разные виды, но понравилось мне то, что они расказывали.

– Понравилось то, что они все расказали показали там отпечатки, машину свою, показали. Ну, классно, мне понравилось.

Балаларға түнгі 11-ден кейін көшеде жалғыз жүруге болмайтындығы айтылды. Әйтпеген жағдайда жауапкершілік қарастырылған. Жалпы, бұл шара жыл сайын ұйымдастырылады. Осы ұлдар мен қыздар келешекте полиция қызметкерінің погонын тағып, халық пен мемлекеттің игілігі үшін қызмет етуі мүмкін. Сондықтан, мұндай шаралар алдын алу сипатында ғана емес, кәсіптік бағдар беру үшін де өткізіледі дейді мамандар.

Анель Шаяхметова