Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық ҚХА-ның кезекті сессиясы өтті

Биыл ҚХА құрылғанына 29 жыл толып отыр. Жақында ел астанасында Ассамблеяның республикалық жиыны өткен болатын. Ауқымды іс-шарада Мемлекет басшысы барша қазақстандықтың алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап өтті. Соған негізделіп, бүгін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты 28-ші сессиясы өтті. Шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар атқаратын боламыз. Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің, сарқылмас берекенің бастауы болып отыр. Құрметті сессияға қатысушылар біздің қасиетті борышымыз – халқымыздың бірлігін нығайту болу керек.

Ұлтаралық достық пен дінаралық ауызбіршіліктің нығаюуына Ассамблеяның қосқан үлесі зор. Ұйым өкілдері тасқын кезінде де ауқымды жұмыс атқарды. Жиын барысында дәстүрге сай төрағаның қоғамдық орынбасары ретінде Алексей Хан сайланды.

АЛЕКСЕЙ ХАН, облықтық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары:

– Осы лауазымды маған сеніп тапсырған әріптестеріме алғысым шексіз. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдармен және халықпен қарым-қатынасты нығайту бағытында ауқымды жұмыс атқармақпын. Осы ретте жоспар көп.

Одан кейін бірқатар азамат өңір басшысының қолынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хат алды. Соның бірі – Қызылжар ауданындағы “Мақсат” этномәдени орталығының жетекшісі Бақыт Қаражанова.

БАҚЫТ ҚАРАЖАНОВА, “Мақсат” этномәдени орталығының жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын. Барлық ұлтты бір шаңырақ астында жинау үшін ауқымды жұмыс атқардық. Осыны түсініп, ары қарай жалғастыратын жастарымыз көп болсын.

Облыстық Ассамблеяда ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Ел ағалары жас буынға ақыл-кеңестерін айтып, оң шешім қабылдауға зор септігін тигізеді.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Мемлекет басшысы Атырауға барған сапарында ақсақалдар мен әжелер кеңесін Ассамблея төңірегіне топтастыруды тапсырған болатын. Біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар. Әрқайсысының діні мен ділі, түрі мен тілі бөлек болғанымен, тілектері бір. Ол – бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісім, татулықта өмір сүру.