Экология

Аудандарға қоқыс полигондары ауадай қажет

Адамның бойында қоршаған ортаға деген құрмет болуы тиіс. Бұл жайлы жер-жерде айтылып жатыр. Өкінішке қарай, көштің түзелер түрі жоқ. Кейбір жандар әлі де қоқыс тастау арқылы табиғатқа залал келтіруде. Жаға ұстатарлық көріністерді көргенде жануардың өзі мұндайға бармайды деген ой еріксіз келеді.

ЖАСҰЛАН САДУЕВ, СҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Мобильді топ құрылды. Олармен 82 заңсыз қоқыс орындары анықталды. Бүгінгі күні 28 орын жойылды.

Бұлай жалғаспауы тиіс. Жасыл желек, жайқалған орман, тұнық су мен жұпар ауа – баға жетпес байлық. Ол көздің қаршығындай сақталуы қажет. Бірінші кезекте адамдар арасында мәдениет қалыптасуы керек. Өкінішке қарай, бұл ұзаққа созылатын сыңайлы. Екіншіден, билік әрекет еткені маңызды. Мысалы, жер-жерде қоқыс полигондары салынса.

ЖАСҰЛАН САДУЕВ, СҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасы әзірленді. Маңызды құжатта 9 ауданда қоқыс полигондарын салу жайлы жазылған. Бірақ, бұл былтыр жүзеге аспады. Биыл да жұмыс басталмады. Себебі, арнайы алаңдар бірсыпыра қаржыны талап етеді. Яғни, мәселе ақшаға тіркеліп тұр.

Айта кетейік, Жол картасы 7 бағыт бойынша 15 шараны қамтиды. Бүгінгі күнге дейін 8 жоспарланған жұмыс аяқталыпты.

 

Байболат Құлтанов