Ауыл шаруашылығы

СҚО мен Жетісу облыстарынан басқа аймақтар берілген тапсырманы орындай алмады – А.Сапаров

Биылғы жылы елімізде 23,8 млн гектар аумаққа дән сіңірілген. Тиісінше, көктемгі егіс жұмыстары қатаң бақылауға алынған болатын. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, бірқатар аймақ өздеріне берілген тапсырманы толығымен орындай алмаған деп жазды LS агенттігі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Алматы облысында күріш алқаптарын қысқарту тапсырмасы толығымен орындалмаған. Майлы дақылдар бойынша жұмыс Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында тиісті түрде жүргізілмеген. Соның салдарынан республика бойынша жоспарланған көрсеткішке қол жеткізе алмадық. Бірақ, біз қолдан келген шараның барлығын жасаудамыз. Ал минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша жұмыстар Қызылорда облысынан басқа аймақтарда дұрыс атқарылмаған.

Министрдің айтуынша, ветеринария жағынан да біршама мәселе бар. Облыстық әкімдіктер ветеринариялық пункттерді, мал қорымдарын немесе сою орындарын салу жұмыстарын дұрыс атқармаған.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– СҚО мен Жетісу облыстарынан басқа аймақтар берілген тапсырманы орындай алмады. Бұл іс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сол үшін әкімдерден ветеринариялық пункттерді көптеп салуды сұраймын.

Елімізде аграрилерге зор қолдау көрсетілуде. Жалпы, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында диқандар Аграрлық несие корпорациясынан аз пайызбен 1,6 трлн теңге қаржы алған.