ТЖ

СҚО-да суда батып жатқан жерінен 40 адам құтқарылған

Өңірде ауа райы салқындағанымен шомылу маусымы аяқталған жоқ. Яғни, жағаны жайлауға жібере алмаймыз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, аққайыңдар өлкесінде бірнеше адам өзен-көлдерде ажал құшты. Алайда, бейінді департамент тек 2 фактіні тіркеп отыр. Сандар неліктен сәйкес келмейді? Бұл сұрақ сала өкіліне қойылды.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– 2 ресми факті тіркелді. Қалған жайттар тізімге алынбайды. Олар бойынша сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Біз әзірге олардың қандай жағдайда қайтыс болғанын білмейміз.

Адамдардың бату фактілері көбінесе шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде тіркеледі. Мұндай орындарда арнайы топ рейд жүргізуде. Тәртіпке бағынбағандар айыппұл түрінде жаза арқалайды.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Адамдарға арнайы бап бойынша айыппұл салынады. Айыппұлдың көлемі 25 мың теңгені құрайды.

“Сақтаңсаң, сақтайды” деп қазақ бекер айтпайды. Брифинг барысында азаматтық қорғаныс басқармасының офицері негізгі ережелерге тағы бір тоқталды. Бұларды әр адам ой дәптеріне түртіп алуы тиіс.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Шомылуға рұқсат етілген жерде ғана шомылу керек. Ішімдік ішпеуге шақырамыз. Балаларды қараусыз қалдырмау керек.

Құтқарушылардың еңбегін ерекше айта кеткеніміз жөн. Олар ажал құшқан жандарды сағаттап іздейді. Сонымен қатар, өзен-көлдерде адамдарды құтқарады. Мысалы, биыл мамандар 40 демалушыны жағаға аман-есен шығарыпты.

 

Байболат Құлтанов