Экономика және қаржы

Петропавлда автожол өтпесін салуға 2,9 млрд теңге бөлінді

Петропавлдағы жол өтпесінің құрылысын аяқтауға 2,9 млрд теңге бөлу туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Бұл туралы министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған жобаның қала үшін маңызы зор, өйткені 61 жылы салынған автожол өтпесі апатты жағдайда. Теміржол магистралі қаланы екі бөлікке бөледі. Караванная көшесіндегі автожол өтпесінен күн сайын 16 мыңға жуық автокөлік қатынайды, бұл жермен жаяу жүргіншілер де жүреді. Автожол өтпесінде жөндеу жұмыстарын көлік қозғалысын шектемей жүргізу мүмкін емес, бұл қала тұрғындарына әжептәуір қолайсыздық тудыруы мүмкін. Осыған байланысты Универсальная көшесінің бойында бұрыннан бар жолмен қатарластыра жаңа жол өтпесін салу туралы шешім қабылданды. Жобаның жалпы құны 5,9 млрд теңгені құрайды, оның бір бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Айта кету керек, осы жылдың наурыз айында СҚО-ға жұмыс сапары барысында Премьер-Министр жол өтпесінің құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Нысанның маңыздылығы туралы айта келе, Олжас Бектенов жол-көлік инфрақұрылымын дамыту Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

 

Мәдина Қаби