Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі өңір қарқынына жоғары баға берді

Аққайыңдар өлкесіне жұмыс сапарымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев келді. Ведомство басшысы “Бірлік” шағын ауданында болды. Оған тасқыннан зардап шеккен жандар үшін салынып жатқан үйлер көрсетілді. Бұл – астаналық компания өкілдері өндіріп, жинаған баспаналар.

Үйлер пеш арқылы жылытылады. Оған бөлек есік арқылы кіру қажет. Бұл шешім министрдің көңілінен шықты.

Шағын ауданда Қанат Шарлапаев жоспармен танысты. Құрылысқа ауа райы кедергі келтіріп тұр. Дегенмен, сала өкілдері еңсені түсірмек емес. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ағымдағы жағдайды баяндады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Жоспарланған үйлер биыл салынуы керек. Министр тапсырма орындалуы қажеттігін баса айтты.

Алдағы бірер жылда Қызылжар адам танымастай өзгереді. Қала ішінде бірсыпыра сәулетті ғимарат салу көзделген. Жоспарды “Қопай” ықшам ауданында құрылыс басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев баян етті.

Министр ат аялдатқан “Қопай” ықшам ауданынан тұрғындар жаппай пәтер сатып алуы мүмкін. Мұндағы жобалар керемет. Бірінен-бірі өтетін үйлер, мектеп, балабақша және емхана сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар да салынбақ.

Тілдесу барысында қала әкімі Серік Мұхамедиев маңызды мәселеге тоқталды. Өңірдің құрылыс саласына республикалық қаржы баяу түсіп жатқан көрінеді. Министр өтінішті мұқият тыңдады, іске қарқын қосуға уәде берді. Бұдан кейін, Қанат Шарлапаев Былғары зауыты ауданына барды. Мұнда үйлерді жөндеу, бұзу жұмыстары қарқын алған. Баспанасы жаңарған Елена Волырина көрсетілген көмекке дән риза.

ЕЛЕНА ВОЛЫРИНА, Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Мұндай көмек болады деп ойламадық. Бригаданың жұмысына көңіл толады. Жігіттер барлығын істеп жатыр. Біздің айтқан ақыл-кеңеске, ұсынысқа құлақ түреді. Материалды бірге таңдаймыз. Алғыс білдіремін.

8 адам тұратын үй тамыздың алғашқы жұлдызына дейін тапсырылмақ. Шағын ауданда министр тілшілермен де тілдесті. Сұхбатында өңірдің қарқынына жоғары баға берді.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

– Қазір Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам үй салынып жатыр. Соның 700-ден астамы Петропавлда тұрғызылады. Бұл тұрғыда Петропавлда қарқын жоғары. Біз тасқыннан зардап шеккендерге жан-жақты көмек береміз.

Жұмыс сапарының соңында Қанат Шарлапаев Бескөл ауылында тұрғызылып жатқан көпқабатты үйдің құрылысымен танысты. Желтоқсанда тапсырылатын нысан 50 пәтерден тұрады. Баспана кезекте тұрғандар арасында үлестіріледі. Әңгіме барысында павлодарлық мердігер іс уақытында аяқталатынын айтты.

 

Байболат Құлтанов