Қоғам

Тайыншада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысандардың ыңғайлылығы тексерілді

“Кедергісіз келешек” жобасы аясындағы жұмыс жалғасуда. Күні кеше ғана “AMANAT” партиясы облыстық филиалының өкілдері Тайынша ауданына барып, әлеуметтік нысандарда мүгедектерге жасалған жағдаймен танысып қайтты. Білікті мамандар тексеріс барысында 11 нысанда болды.

ГҮЛНӘР ХАЛЫҚОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі:

– Мүгедек жандарға арналып тиісті жағдай жасалса, бұл мемлекеттің әлеуметтік жағынан дамып жатқандығын білдіреді дер едім. Тайынша – біз барған бірінші аудан. Бұған дейін әуежайда болдық. Ондағы жұмыстар комиссия мүшелерінің көңілінен шықпады. Біз әуежай басшылығына тиісті ұсыныстар айттық.

Қаралған нысандардың басшылығына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автотұрақ, пандус, қызметкерлерді шақыру қоңырауы, бағыттаушы белгілер, арнайы дәретхана болуы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде бірқатарына ескерту берілді. Оларға олқылықты тез арада ретке келтіру жайлы айтылды. Мониторингтік топ 2 жыл бұрын сынға ұшыраған аудандық әкімдік ғимаратына да бас сұққан.

ГҮЛНАР ХАЛЫҚОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі:

– Мониторинг тобының мүшелерінің көңілінен шыққан нысанның бірі – аудан әкімдігі. Екі жылдан кейін мониторингтік топ мүшелері ескертулердің қаншалықты ескерілгенін тексерді. Жоғарыға көтергіш қойылған, кіреберіс есіктің ені құрылыс талаптары мен ережелеріне сәйкес келеді. Брайль қарпімен жазылған тақтайша, шақыру түймесі, тактильді бағыттағыштар, мнемосызба, бейімделген әжетхана және жуыну бөлмесі жөнделген екен. Мекеме есіктерінде олқылықтар бар. Әрине, 100% қолжетімділік туралы айтуға әлі ерте, бірақ, біраз нәрсе атқарылғанын мойындау керек.

Алдағы уақытта аманаттықтар жұмыс сапарымен басқа да аудандарға бармақ.