Денсаулық сақтау

Олжас Бектенов медицина нысандарын салу бойынша тапсырмалардың орындалу қарқынын тексерді

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі Үкіметте Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста қаралды. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту бойынша бірқатар міндет қойды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмысты денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 99 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды. Биылға 556 медициналық және фельдшерлік пункттер, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 322 нысанда басталып, 3 нысанда аяқталды.

Жалпы, Ұлттық жобада іске асырудың барлық кезеңінде 655 нысанның құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ, 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделуде. Қазіргі уақытта 10 ғимаратта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, 2 медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Премьер-Министр осы жылы аяқталатын Ұлттық жобаны іске асыру Үкіметтің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Әкімдіктер барлық нысанның құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейтуі керек. Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Жетісу және Алматы облыстары әкімдерінің назарын осыған аударғым келеді. Құрылыс маусымы, әсіресе солтүстік өңірлер үшін тез аяқталатынын ескеру қажет. Барлық объектілер белгіленген мерзімде пайдалануға берілуге тиіс. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының нормативтік талаптарының сақталуын да қамтамасыз ету керек.

Үкімет басшысы Ұлттық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлінгенін, оның 21 млрд теңгеден астамы өңірлерге берілгенін атап өтті. Қалған объектілерді қаржыландыру қосымша пысықталуда — осы мәселені шешуді жеделдету үшін бейінді ведомстволарға тиісті тапсырма берілді. Денсаулық сақтау министрлігінің алдына объектілерге олар аяқталғанға дейін тұрақты түрде барып, құрылыс барысына мониторинг жүргізу міндеті қойылды.

 

Байболат Құлтанов