Қоғам

“Мерейлі отбасы” байқауының қорытындысы шықты

Оқушылар сарайында ”Мерейлі отбасы” байқауының қорытынды шарасы өтті. Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін көрсетуге негізделген конкурстың аудандық кезеңіне 70-ке жуық жанұя өтініш берген. Соның 28-і ғана облыстық сынға жолдама алды. Аймақтық деңгейге шыққан қатысушының бірі – Қызылжар ауданынан келіп отырған Өтетілеуовтер отбасы.

ТЕМІРБОЛАТ ӨТЕТІЛЕУОВ, байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Қызылжар ауданы Байтерек ауылынан келіп отырмын. Біз – келіншегім екеуіміз мұғалімбіз. Балаларымыз спортпен айналысады.

Бүгінгі сайысқа көпшілікке таныс 3 бірдей конькиші қызды тәрбиелеп отырған Шумековтер отбасы да қатысты. Олар облыстық кезеңде 3-ші орын иеленді. Жанұяда бір ұл да өсіп келе жатыр. Айтуларынша, ол спортқа жақын.

ЮЛИЯ ШУМЕКОВА, байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Біз аудандық деңгейге қатысқан кезде отбасымыздың фото-видеоларын дайындадық. Балаларымыздың жетістіктері де баршылық. Үш қызым және бір ұлым бар. Қыздарымның үшеуі де – Қазақстанның атын қорғап жүрген конькишілер. Өкінішке қарай, олар бүгін келе алмады. Германияға сайысқа кетті. Ұлым екеуіміз ғана келіп отырмыз.

Байқауға арнайы қазылар тағайындалған. Олар әр отбасыға назар аударады. Қатысушыларға бірқатар талап бойынша баға береді.

АЛМА БАННЫХ, ұйымдастырушы:

– Бұл сайысты жылда ұйымдастырып тұрамыз. Оған қатысушылардың белсенділігі жоғары. Дода 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі – аудандық, кейін – қалалық. Ал үшінші кезең – облыстық дода. Жеңіске жеткен жанұя алдағы уақытта республикалық кезеңде бақ сынайды. Сайысқа қатысқан барлық отбасы марапатталды. Жанұялар арасында көпбалалы отбасыларды ғана емес, спорттық жетістіктері жетерлік отбасыларды да қарастырамыз.

Байқау қорытындысы мынадай: бірінші орынды Ақжар ауданынан Хасеновтар отбасы иеленді, екінші сатыға Тимирязев ауданынан келген Малкаровтар жанұясы жайғасты.

 

Зарина Ермағамбет