Қоғам

Қағаз жүзінде көрсетіп, іс жүзінде атқармаған

Облыстық мәслихатта Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында 9 мәселе қаралды. Соның ең өзектісі – Есіл ауданына қарасты Волошинка ауылдық округі әкімі Виталий Кочергиннің мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзуы. Атқамінер өзі жетекшілік етіп отырған елді мекенге өткен жылдың қазан айында 10 бейнебақылау құралын орнатуы керек болатын. Бірақ, ол 3-ақ камера таққан. Оның өзі іске қосылмапты. Құқықбұзушылықты аудандық прокуратура қызметкерлері анықтаған.

ТАЛҒАТ САЛПЫҚОВ, Есіл ауданының прокуроры:

– Тексеріс кезінде бейнебақылау құралдарының жұмыс істемейтіндігін анықтадық. Бұл ауылға біз 20-шы шілде күні бардық. Негізі, ауданда 4 ауылдық округке камера орнату үшін облыстық бюджеттен 2 млн теңге бөлінген. Басқа елді мекендерді де тексердік. Оларда барлығы толығымен орнатылған. Тек осы жерден құқықбұзушылықты анықтадық. Аудан әкіміне бәрін баяндадық. Атқамінерге қатаң сөгіс жарияланды. Алдағы уақытта тиісті шаралар қолданатын боламыз.

Аудандық округ әкімі барлық кінәні мойындады. Ол таяқ тигеннен кейін заманауи қалғаг бейнебақылау құралдарын өз қаражатына орнатқан. Виталий Кочергин алдағы уақытта тағы да аяғын шалыс басса жұмысынан қууылады.

ВИТАЛИЙ КОЧЕРГИН, Волошинка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Ауылдық округке 2022 жылдан бері жетекшілік етемін. Әлі барлығын дұрыс біле бермеймін. Кінәмді толығымен мойындаймын. Барлығын қалпына келтірдім. Мұндай жағдай енді қайталанбайды. Мен осы елді мекенді басқарғалы біраз іс атқардым. Ауыл тұрғындары менің жұмысыма риза.

Жиында біршама өзекті мәселе қаралды. Оның көбі мемлекеттік қызметкерлердің өз өкілеттілігін асыра пайдалануы жайында.