Спорт

Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған алғашқы чемпионат басталды

Ер есімі – ел есінде. Бүгін «Жеңіс» спорт мектебінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, өңіріміздің, еліміздің намысын талай додада қорғаған Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұланның жеке-командалық чемпионаты бастау алды. Жарысқа жан-жақтан келген 70 адам қатысуда.

МАҚСАТ НҮСІПОВ, ҚР ҰҰ академиясы кафедра бастығының міндетін уақытша атқарушы:

– Бұл жарыс чемпионат түрінде ең алғаш рет өткізіліп жатыр. Төрт өңірлік қолбасшылықтан және үш әскери бөлімнен спортшылар жиналды. Жеңіске қол жеткізген қатысушылар арнайы сыйлықтармен және естелік медальдармен марапатталады.

Қостанайлық Мәлік Байсұлтанов – ортада өз шеберлігін көрсеткен жігіттің бірі. Ол жарысқа 1 ай бойы тынбай дайындалған. Соның арқасында алғашқы жекпе-жегінде жеңіске қол жеткізді.

МӘЛІК БАЙСҰЛТАНОВ, ҚР ҰҰ 6697 бөлімінің сарбазы, Қостанай қаласы:

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бірінші жекпе-жекті 5:5 есебімен ұттым. Аллаға шүкір. Мені дайындаған командирлеріме алғыс айтамын.

Чемпионат 3 күн бойы өтеді. Айта кетейік, Азамат Нұрпейісовті жерлестеріміз жақсы біледі. Ол әскери салада қызмет етті, спортпен айналысты. Өкінішке қарай, қатерлі дерттен 2016 жылы көз жұмды.

 

Анель Шаяхметова