Қоғам

Аудандағы үздік түлектер марапатталды

Сәні жарасқан Смирново ауылындағы саябақта салтанатты іс-шара өтуде. Мұнда биылғы үздік мектеп түлектері мен олардың жақындары жиналған. Бұл – жылда ұйымдастырылатын басқосу. Аққайың ауданының әкімі артқан сенімді ақтаған ұл-қыздарға, ата-аналарға ақшалай марапат пен Алғыс хат табыстайды.

Сахнаға шыққан ұл-қыздардың жүзінен қуаныш сезімі байқалады. Абыройы асқақтаған ата-аналардың да бойын шаттық кернеген. Бала тәрбиесінде ұстаздың рөлі ерекше. Мінберге шыққандар мұғалімдерге алғыс білдірді.

Мөлдір Бекболатпен күллі Аққайың ауданы мақтанады. Шынашақтай ғана қыз маңызды емтиханда 130 ұпайды қоржынға салды. Күн-түн демей төккен тер ақталды. Үздік түлектің ізбасарларына айтары бар.

МӨЛДІР БЕКБОЛАТ, Рублевка орта мектебінің түлегі, Аққайың ауданы:

– Түлектер дайындықты ертерек бастау керек. Мен әзірлікке 10-шы сыныптың соңында кірістім. Осының арқасында барлығын меңгеріп үлгердім. Анам бастауыш сынып мұғалімі. Анамның жолын қуғым келеді.

Түлектердің алдында қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік өмір тұр. Аудан басшылығы жастар сапалы біліп алып, болашақта туған жерлерінде еңбек етеді деген сенімде.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– Биыл Аққайың ауданында 109 бала мектеп бітірді. Соның 89-ы ҰБТ-ға қатысты. 16 бала 100-ден жоғары ұпай жинады. Арамызда 2 “Алтын белгі” иегері бар. 6 бірдей “Үздік аттестат” табысталды.

Айта кетейік, Аққайың – облысымызда үздік түлектерді марапаттау рәсімін бастаған алғашқы аудан. Игі дәстүр 10 жылдан бері жалғасын тауып келеді.

 

Байболат Құлтанов