Білім

Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі жабылмайтын болды

Ата-аналар мен студенттерді дүрлікпеуге шақырамыз! Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі жабылмайтын болды. Оқу ұясының құрылтайшысы мен білім басқармасы арасында келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде тараптар оң шешімге келіпті. Алайда, мекеме 1 жыл ғана жұмыс істеуі мүмкін. Болашақта ұл-қыздарды шаһардағы өзге колледждерге ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл ретте гранттағы жастардың әлеуметтік статусы сақталады. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 310 жас тіркелген Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі есігіне құлып салынады деген сыбыс тарады. Бұған ата-аналар қауымы дүрлікті.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Құрылтайшымен келіссөздер жүргізілді. Алдағы 2024-2025 оқу жылында колледждің статусы сақталады. Барлық студент сол жерде білім алады.

БОЛАТ БАЙКЕНОВ, Солтүстік Қазақстан университеті колледжі директорының міндетін атқарушы:

– Біз анализ жүргіздік. Бұрын біздің білім ордасында 500-ге дейін бала ақылы негізде оқыған. Қазір мүлде азайып кетті. Жастардың 20 пайызы ғана ақша төлейді. Тиісінше, табыс төмендеді. Келісім бойынша студенттер оқиды, қызметкерлер еңбек етеді. Биыл бірінші курсқа қабылдау болды. Алайда, орын алған жағдайға байланысты барлығы өтініштерін алып кетті.

 

Байболат Құлтанов