Қоғам

Шалақындық жұмыс тобы 13 үйді қалыпқа келтірді

Былғары зауыты кенті мен Карьерный шағын ауданында тасқыннан кейінгі қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Аты аталған жерлерде шалақындық жұмыс тобы аянбай тер төгуде. Аудан әкімі Рахат Смағұлов механикалық бригаданың атқарған ісімен танысып, барлық жұмысты тұрғындардың айтуы бойынша істеуді тапсырды.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, Шал ақын ауданының әкімі:

– Жұмыс тобына 142 үй тапсырылды. Соның 22-сін қалыпқа келтіріп жатырмыз. 89 баспана тұруға жарамсыз. 17 мың тоннадан астам қоқыс шығардық.

Тасқыннан зардап шеккен жанның бірі – Вера Рауш. Апат кезінде қызыл су үй шатырына дейін жеткен. Нәзікжанды шалақындық механикалық бригаданың атқарып жатқан жұмысына дән риза.

ВЕРА РАУШ, Былғары зауыты кентінің тұрғыны:

Шалақындық іскер жандар барлығын өте жақсы істеп жатыр. Жұмыс барысын өзім қадағаладым. Атқарған істеріне көңілім толады. Баспанамның сметалық құны 8,5 млн теңгені құрайды. Үйді өзіміз тұрғызған болатынбыз. Сондықтан, көшкіміз келмеді. Ықшам ауданда 7 жылдан астам уақыт тұрамын. Бағалаушылар келіп тұруға жарамды дегенде қуанышымда шек болмады. Жұмыстарын сапалы әрі тез істеп жатқан жігіттерге алғысым шексіз.

Бұл – Елена Волыринаның баспанасы. Қазіргі таңда үйде қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Табиғи апат кезінде зақым келген баспананың шалақындық жұмыс тобының арқасында біршама өңі кірген.

ЕЛЕНА ВОЛЫРИНА, Карьерный шағын ауданының тұрғыны:

– Үйімді ешқашан су басқан емес. Мұндай жағдай болады деген үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бар дүние-мүлкіміз су астында қалды. Қатты қапаландық. Бірақ, мемлекеттің қолдауының арқасында баспанам қайта қалыпқа келуде. Механикалық бригаданың атқарған ісіне көңілім толады. Барлығын менің айтуым бойынша істеді.

Механикалық бригада барлық жұмысты тамыздың 1-іне дейін аяқтамақ.