Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің қатысуымен сенбілік өтті

Бұл – қаланың бүйіріндегі Мещан орманы. Қалың жасыл желек – қаланың көркі. Мұнда тұрғындар келіп тынығады, таза ауамен тыныстайды, серуендейді. Серуендейтін жерде қоқыс шашылып жатыр. Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмахамбетов бастап белсенділер тазалық шарасын ұйымдастырды.

Ешкім қол қусырып жүрген жоқ. Әрқайсысының қолында – тырнауыш пен сыпырғыш. Табиғат жанашырлары жинаған қоқысты қолдарына ұстаған қапқа салып отырды. Орманда шашылған қоқыс аз емес. Осы орайда өңір жетекшісі “Президент тапсырмасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” шарасы қоғамда экомәдениет қалыптастыруға ықпал етеді”,- деді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, облыс әкімі:

– “Таза Қазақстан” акциясының ауқымы кең. Облыс орталығында ғана емес, шара қазір аудандарды, ауылдарды қамтыған. Оған түрлі сала өкілдері қатысып жатыр. Белсенділіктері де жақсы. Осы қарқынмен жалғастыра берсек, азаматтар үй ішінің таза болуына ғана емес, қоршаған ортаның тазалығына да мән беру қажеттігін ұғынады. Біз орманнан бөлек, жол жиегін де тазалап жатырмыз. Биыл қоқыс әдеттегіден көп. Өйткені, біразы тасқынмен келді.

Егде жасқа келсе де қоршаған ортаның тазалығын бірінші орынға қоятын жандар – қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері. Соның бірі – Мұхамедияр Шаяхин.

МҰХАМЕДИЯР ШАЯХИН, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Тасталған қағаз, бөтелке сияқты қоқыстарды жинап жатырмыз. Біздің жасымыз келіп, зейнет жасында болсақ та мұндай шаралардан шетте қалмаймыз. Бізден 18 шақты адам келді.

Акцияға қатысып жатқан адам саны көп. Қалың қауым орман ортасынан өтетін жолды да басынан аяғына дейін тазалап шықты.

 

Мәдина Қаби