Спорт

Петропавлда Junior Cup футбол турнирі бастау алды

Петропавлда халықаралық Junior Cup футбол турнирі бастау алды. Дәстүрлі шара Нұрбол Жұмасқалиев, Бауыржан Исламхан, Александр Мокин сынды отандық жұлдыздардың ізін басар жастарды тәрбиелеуге бағытталған. 7 мен 10 жас аралығындағы балалар жасыл алаңға шығуға асық. Жүлдеден дәмелі намысты ұландар әнұранды біркісідей орындады.

Биылғы турнир бақандай 750 баланың басын қосты. Петропавлға жан-жақтан 50-ге жуық команда келіп отыр. Алыстағы ағайын ұлдардың ойынын тамашалап, тақым қысуға мүмкіндік бар. Ұйымдастырушылар көрсетілім мәселесін біржақты етіпті.

РАЙЫМБЕК ТҰРҒЫНБЕКОВ, футболдан жаттықтырушы:

– 2014-2018 жылдар аралығында туған балалар қатысып жатыр. Бұл жарыс 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Команда саны артуда. Айта кетерлік жайт, балалардың ойындары Ютуб арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

Junior Cup – халықаралық статусқа ие турнир. Жарысқа биыл да ресейлік командалар келді. Бұл – Андрей Аршавин сияқты әлемдік жұлдызды тәрбиелеген елдің жас өкілдерімен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік.

ЕВГЕНИЙ КУЩ, ұйымдастырушы:

– Ресейден 10-ға жуық команда келіп отыр. Омбыдан, Қорғаннан ат терлетіп жеткен ұжымдар бар. Қазақстанға келсек, барлық шаһардың ұландарын осы жерден табасыз. Демеушілердің белсенділігін айта кетуіміз керек. Олар әр балаға сыйлық дайындады. Басты жүлде – заманауи ұялы телефон. Сонымен қатар, жаттықтырушылар, төрешілер мен жанкүйерлер де түрлі базарлыққа ие болады.

Көш жүре келе түзеледі, дегендей алаңда қателісіп жатқан балалар болды. Шалт қимылмен, дәл паспен, командаластарын көрумен ерекшеленген ұлдар да жетерлік. Қақпашылар да осал емес.

Петропавлдық балалар оңай шағылар жаңғақ емеспіз деп отыр. Жерлестеріміз намысты қолдан бермек емес.

АСАНӘЛІ БАЗАРБАЕВ, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– 9 жастамын. 5 жастан бастап футбол ойнаймын. Футбол өзіме қатты ұнайды. Арманым бар. Болашақта Роналду, Месси сияқты болғым келеді.

Халықаралық Junior Cup футбол турнирі шілденің 21-ші жұлдызына дейін жалғасады. Талантты ұландардың тартысты кездесулері “Жастар” стадионында өтіп жатыр. Әр адамға тамашалауға, жанкүйер болуға мүмкіндік бар.

 

Байболат Құлтанов