Білім

Мектептегі “Ұлттық тағам”күні

Бауырсақ, май, қымыз, құрт, бүйрек. Бүгін осы аталған тағамдардың барлығы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінде дастарханға қойылды. Берекелі үстел жазғы лагерьде жүрген балаларға арналып жайылған. Ал бұның бәрін дайындаған – қазақ аналарынан құралған «Дәстүрге жол» ұйымының мүшелері. Аналар балаларға ұлттық тағамдардың құндылығы жайында айтты.

САРА МЕЙРАМОВА, “Қызылжар. Қазақ аналары – дәстүрге жол” ҚБ мүшесі:

– Сары май әзірлеудің де сыры бар. Оны таза қаймақтан таза қолмен былғайды. Бұның өзі бір еңбек.

Бектұр Рамазанов ауыл өмірімен жақсы таныс.
6 жыл бойы Майбалық ауылында тұрып, анасының майды қалай әзірлейтінін көріп өскен бала. Еңбектің қадірін түсінеді.

БЕКТҰР РАМАЗАНОВ, оқушы:

– Мен ұлттық тағамдардың дайындалуын жақсы білемін. Себебі, өзім Жамбыл ауданы Майбалық ауылында тұрған едім. Біз қонақ шақырған кезде әрдайым сүттен жасалатын тағамдарды дайындаймыз. Олар: бауырсақ, құрт, ірімшік деген сияқтылар.

Жалпы, бұл “Ұлттық тағам” күні мектепшілік «Этноауыл» жазғы лагерінің жұмыс жоспары аясында өтіп жатыр. Оған 20-ға жуық бала қатысуда.

ГҮЛНҰР ЕЛУБАЙ, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебі директорының орынбасары:

– Бір күнімізді ұлттық қолөнерге арнасақ, екінші күн – ұлттық ойындар, үшінші күніміз – ұлттық тағамдар күні. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүр күні де бар. Балаларымыз да осы этноауылға өте қатты қызығады.

Ұлттық тағамдар таныстырылды, тарихы айтылды. Енді ауыз тиюге болады. Балалардың көбі дәмі тіл үйірер бауырсаққа сары май жағып жеді.

АЛМА МАХМЕТОВА, “Қызылжар. Қазақ аналары – дәстүрге жол” ҚБ төрайымы:

– Біздің мақсатымыз – ұмытылып бар жатқан салт-дәстүрімізді келешек ұрпаққа түсіндіру және еске алу.

Жалпы, Ә.Бөкейхан атындағы 25-ші мектепте 700-ден астам оқушы білім алады.

 

Мәдина Қаби