Бүгін М.Қозыбаев атындағы университет қабырғасында «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі ұйымдастырған арт-терапия өтті. Алдымен нұсқаушы балалар мен ата-аналарға түрлі түсті бояу таратып, қолдарына сурет салу құралдарын ұстатты. Кейін қағаз бетіне қылқалам тигізді, жиналғандарға осылай бағыт-бағдар берді.
АҚЖАН КӘРІМ, “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ директоры:
– Арт-терапия адамның жанын тыныштандырады, уайым-қайғы болса, жеңуге көмектеседі. Сурет салу арқылы кез келген жанның психологиясы дұрысталады. Ортаға тез бейімделіп, эмоцияларын сыртқа шығара алады. Жалпы, осындай арт-терапияны жылда өткізіп тұрамыз, бір жылда 5 рет өткізіледі. Биыл 3 мәрте бас қостық.
Балалар ата-аналармен бірге сурет салып жатыр. Таңдаған түстері әртүрлі. Біреуі қызылды таңдаса, екіншісінің көзі жасылға түскен. Ал Есмұхан Жәкеновке көк түс ұнаған екен.
ЕСМҰХАН ЖӘКЕНОВ, шараға қатысушы:
– Мен қазір аспан салып жатырмын. Ары қарай ғаламшарларды саламыз. Олардың әрбіреуін әртүрлі бояулармен бояймыз. Маған осындай арт-терапия қатты ұнайды. Жаным тыныштық табады.
Жиналғандардың барлығына сурет салу қатты ұнаған тәрізді. Келген сәттен бастап олардың жүздерінен күлкі кетпеді.