Қоғам

Аққайың ауданында 6 мектепте жөндеу жұмысы жүріп жатыр

Бұл – Аққайың ауданындағы Ленин орта мектебі. Мұнда жөндеу жұмыстары маусымның басында басталып, шілденің басында аяқталған. Күрделі жөндеу жұмысын петропавлдық мердігер атқарған. Оның жұмысын мектеп директоры мақтап отыр. Сәуле Аманжолованың айтуынша тиісті тексеріс жүргізілген, “5” деген баға берілген. Мектептің сырты түгелімен жаңартылған.

СӘУЛЕ АМАНЖОЛОВА, Ленин орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– Күрделі жөндеу жұмысын жұмысшылар өте сапалы атқарды. Бір айдың көлемінде күнде еңбектеніп, бәрін жоспарлаған уақытта аяқтады. Жауапкершіліктері мол. Біріншіден, бұл – балалар үшін жасалып жатқан жұмыс. Өте ризамыз. Өте сапалы жұмыс істеді деп айтуға болады.

Мектеп көркейе түсті дейді директор. Жұмыстың сапалы атқарылғандығы тексеріссіз-ақ көрініп тұр дейді. Білім ұясын құлпыртуға іскер азаматтар Геннадий Зенченко мен Біржан Шаймерденов қолдау білдіріпті. Мектепте 160 оқушы оқиды. 30-дан астам педагог жұмыс істейді. Балаларға сапалы білім алу үшін тиісті жағдай жасалған. Тіпті, тасымалдайтын мектеп автобусы да бар.

СӘУЛЕ АМАНЖОЛОВА, Ленин орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– 2023 жылы біздің мектепке автобус сыйланған. Сол автобуспен біздің балалар бір жылдың ішінде қаншама экскурсияға барды. Өте қуаныштымыз. “Дайындық” ЖШС жетекшісі Біржан Шаймерденов осы автобусты қоятын гараж салып берді. Соған өте ризамыз.

Астрахан орта мектебінде де жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Мердігер – “Стройдизайн” серіктестігі. Оның жұмыс қарқыны мен сапасын аудан әкімі Рүстем Елубаев келіп көрді.

– Мынау тамақ ішетін жер. Енді төбесін бітіру керек тездетіп. Терезелерін салатын. Еденін жасапсыздар. Дұрыс. Қашан аяқтайсыздар?
– Белгіленген уақытта бітіреміз – 15 тамызда.

Аудан әкімі мердігерге жұмысты сапалы атқарып, уақытында өткізуді тапсырды.

– Есіктерді қашан саласыңдар?
– Барлығы дайын. Ертең біздің есік қоятын бригада келеді. 10 күннің ішінде бітіреді.
– Онда 10 күннің ішінде бітіру керек. 70 есік салу керек мында. Бәрін дұрыс, сапалы салыңдар.
– Бүгін бізде 18-22 адам жұмыс істеп жатыр.
– Аз. Кісіні көбейту керек. Мен сіздерге тапсырма беремін – 30 кісіге дейін көбейтіңіздер.

Жалпы, қазір Аққайың ауданында 6 бірдей мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

САЙРАМБЕК ЖАҚЫПОВ, Аққайың ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Осы мердігер Камышлов негізгі мектебін де жөндеп жатыр. Онда жұмыстың 70% тындырылған. Биыл Смирнов мектеп-гимназиясы, Черкасск орта мектебі, Добровольское негізгі мектебінде жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жұмыс қарқыны кестеден қалыс қалған жоқ.

Еске сала кетейік, биыл облыс бойынша жөндеу жұмысымен 50 білім мекемесі қамтылады. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге бағытталған. Оның 3 млрд-қа жуығы, бұл – 22 нысан, “Ауыл – ел бесігі” аясында бөлінген. Бүгінде 30-дан астам мектептегі жөндеу жұмысының жартысынан астамы тындырылған.

 

Данаш Хамза