Sailau banner

Қоғам

Тасқын кезінде қалалық бөлімде 6 мыңнан астам өтініш қаралған

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары тасқын кезінде тапжылмай жұмыс істеді. Юлия Асқарова бастаған бір топ қызметкер біржолғы төлем мен шығынды өтеу жөніндегі 6 мыңнан астам құжатты қабылдап, өңдеген. Юлия Аманбайқызы өтемақыны алу және үйді қалыпқа келтіру бойынша 4 мыңға жуық консультация берген.

ЮЛИЯ АСҚАРОВА, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Біз ұзын-сонар кезек туындамас үшін жұмысты тиімді ұйымдастыруға тырыстық. Барлығын арнайы кестемен, көше бойынша белгілі бір уақытта қабылдап отырдық. Уақыт тығыз. Әлеуметтік көмекті бәріне бірдей шұғыл түрде көрсету қажет болды. Үздіксіз келіп түсіп жатқан арыз-өтініштерді өңдеп, мәліметтерді зерттеп-зерделеп, адамның тіркелген жерін тексеріп тұрдық. Төтенше жағдайлар қызметінен ақпарды бір тізіммен жіберуді сұраттық, бұл уақытты үнемдеуге ықпал етті.

Тасқыннан зардап шеккендерден өтініш қабылдау жұмысы сәуірдің ортасынан бастау алған. Дәл бірінші күні 900-ге жуық арыз келіп түскен екен. Юлия Аманбайқызы сол аса қауырт кезді күні-түні әрі демалыссыз жұмыс істедік деп еске алады. Бұл жұмыс бүгінде қарқынын жоғалтқан жоқ. Қазір негізінен мүлікке құқығын рәсімдемегендер, мұрагерлікке түспеген немесе қандай да бір құжаты жетіспеген азаматтармен жұмыс жүріп жатыр.

ЮЛИЯ АСҚАРОВА, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Әрине, сол кезде тұрғындарға да, бізге де өте қиын болды. Келіп түскен өтініш те көп, тұрғындар тарапынан шағым да аз болған жоқ. Олардың көңіл күйін түсінуге тырыстық. Мұндай қауырт әрі шұғыл жағдайда бірінші рет жұмыс істедік. Ешкім назардан тыс қалған жоқ. Осындағы әр маман тартылып, барлығы бірдей белсенділік танытты.

Жетекші жайында әріптестері мақтау сөз айтты. “Юлия Аманбайқызы еңбекқор, жұмысына жауапты әрі адал азамат”,- дейді. Қиын кезде қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін де аямайды.

ГҮЛМИРА ИСМАИЛОВА, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Юлия Аманбайқызымен бірге жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты. Жетекші ретінде әділ әрі дана адам. Жастармен өзінің білім-тәжірибесімен бөлісуден жалықпайды. Тасқын кезінде күшейтілген тәртіпте жұмыс істедік. Ол кісі үнемі таңнан кешке дейін, демалыс күндері де еңбек етуге әзір тұрады. Қажет болса көмегін аямайды. Келген азаматтың электронды құжаттар бойынша хабары аз болса, онда да бәрін өзі істеп, рәсімдеп береді. Осындай еңбекқор адам.

Жуырда Қала күнін мерекелеу аясында Юлия Асқарова тасқынға қарсы шараларға белсенді қатысқаны үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. “Бұл – біздің ортақ марапатымыз”,- дейді Юлия Аманбайқызы.

 

Данаш Хамза