Sailau banner

Қоғам

СҚО-да ресейлік астық қазақстандық құжатпен сатылған

Елдің экономикасына әсер ететін салаларды жауапкершілік жүгін мойынға артқан мамандар майшаммен қарау керек сияқты. “Қызым саған айтам, келінім сен тыңда” дегендей, бұл ретте барлық орган білек біріктіргені жөн. Жұдырық жұмылса, арасынан экономикалық тергеп-тексеру департаменттері табылары айдан анық. Аталған ведомствоның облыстық өкілдігі 6 айды қорытындылады. Баяндамада жалт еткізер жайттар бар. Мысалы, аймақта 4 тұлға мемлекеттің баға жетпес байлығы саналатын жер қойнауын заңсыз пайдаланған. Осы үшін қылмыстық іс қозғалып, сотқа бағыт алыпты.

БАҚЫТЖАН АБУЛХАИРОВ, ҚР ҚМА СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы:

– Ауқымды жұмыстар атқарылып, 3,7 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Тергеуден басқа, ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз кен өндіруге пайдалану анықталды, тиісті шаралар қабылданды, жақын арада олар қайтарылатын болады. Сонымен қатар, кен орнын игеру және жақсарту үшін жаңа инвесторлар тартылды. Ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінуде. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға 24 жылы 60,8 млрд теңге бөлінді.

Мемлекет көмек беруге келгенде аянып қалып жатқан жоқ. Ал шоттарына шытырлап ақша түсетін тауар өндірушілер екі жеп, биге шыққысы келеді. Олар еншілес компаниялармен келіскен, сол арқылы қомақты қаржыны қалтада қалдыруды көздеген. Әрмен қарай жалғастырайық. Аймақта мыңдаған тонна ресейлік астық үшін жалған шот-фактуралар жазып, оған отандық өнім мәртебесін беретін адамдар тобын әшкереледі. Бүгінде 1 іс бойынша үкім шығыпты, ал 2 қылмыстық іс сотқа жолданған.

БАҚЫТЖАН АБУЛХАИРОВ, ҚР ҚМА СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы:

– Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында біз Ұлттық жобаларды іске асыруға талдау жүргіздік, оған облыс бойынша 27 млрд теңге бөлінген. Қауіпті аймақтар мен объектілер анықталды. Басқарма қабылдаған шаралар нәтижесінде 1,3 млрд теңгеге негізсіз шығындарға жол берілмеді. Қаржы секторындағы қылмысқа қарсы күрес саласында заңсыз криптовалюталардың қызметін жолын кесу бойынша жедел шаралар қабылдануда. Заңсыз криптовалюта алмасу арқылы цифрлық активтерді айырбастаған бір топ адамға қатысты үкім шығарылды. Қылмыстық кіріс 680,0 млн теңгені құрап, мемлекет кірісіне 392,0 млн теңгенің мүлкі тәркіленді.

Тіркелген тағы бір бұзушылықтардың білім саласына қатысы бар. Кейбір кәсіпкерлер балалардың асы арқылы баюды мақсат көріпті. Алайда, астан үлкен емес адамдар үлкен ақша таба алмады. Департамент өкілдері олардың қулығын ашты, бетке басты.

БАҚЫТЖАН АБУЛХАИРОВ, ҚР ҚМА СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы:

– Өңірдегі білім беру мекемелерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жоғарылатылған бағамен сатып алу фактілері анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сатып алу құны орташа республикалық көрсеткішке дейін төмендеді. 454 мектепте шығындар төмендетілді. Ата-аналар қорынан 458 мектепке дейінгі мекемеде 17 мың ата-анаға ақша үнемделді.

Бұл бағытта да жаза арқалағандар бар. Бейінді басқарманың бастамасымен өнімді тауарлық үстемеден асыра сатқан 15 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

 

Байболат Құлтанов