Sailau banner

Қоғам

Мехбригада жұмысы: есілдіктер ерледі

Хромзауыт ықшам ауданының тұрғыны Марат Акбулатов үйін 2 жыл бұрын өз қолымен салыпты. Тасқын еңбекті зая қылды, көңілге қаяу түсірді. Баспанада ол анасымен бірге тұрған.

МАРАТ АКБУЛАТОВ, үй иесі:

– Тасқын кезінде су үйдің бел ортасынан келді. Бәрі суға кетті. Мамандар үйімді 5 млн теңгеге бағалады. Қазір Есіл ауданынан келген еңбекқор азаматтар еңбек етіп жатыр. 8 күннің ішінде біраз істің басын қайырды.

Тасқын кезінде көңілге түскен қаяу есілдік мехбригада келісімен сейілген. Ағаш үй бұған дейін әбден кептірілген екен. Дегенмен де, қабырғаның су жеткен қабаты ауыстырылып, еден жаңартылған. Енді түсқағазын ауыстыру ғана қалған.

ЕРЖАН МҰСТАФИН, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

– Рыжов, 60 мекен жайында жөндеу жұмыстарын 8 күн бұрын бастадық. Бір бригада жұмыс істеді. Жұмыс аяқталып қалды. Бір-екі күнде бітеді.

Жалпы, Хромзауыт ықшам ауданында Есіл ауданынан әрқайсысы 5 адамнан тұратын 5 мехбригада тер төгуде. Қосымша күш – 10-нан астам техникасы бар. Еңбеккерлерге 112 үй берілген екен, соның 76-сы апаттық жағдайда деп танылып, түгелдей бұзылған.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Оның барлығының орны тазаланып, 14 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Енді 14 үйді қалпына келтіреміз. Оның 5-еуінде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің жұмыстан бас тартқан жандар да болды. 16 отбасы өздері істеп жатыр.

Жұмыс қарқыны қызу. Есілдік азаматтар өздеріне жүктелген шаруаны тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Мәдина Қаби