Білім

Мүгедектерге арналған оқыту курсы

Бұл – мүгедектерге арналған оқыту курсы. Тақырып бухгалтерлік есеп-қисап турасында. Шараны “АРДОС-Жүрек” ұйымы “TEN QOGAM” әлеуметтік қолдау орталығының жобасы аясында ұйымдастырып отыр. Қатысуға төрт адам ниет білдіріпті. Солардың бірі – Анастасия Геранюшкина. Нәзікжанды бухгалтерлік істің қыр-сырын күніне 2 сағаттан меңгеріп жүр.

АНАСТАСИЯ ГЕРАНЮШКИНА, оқыту курсына қатысушы:

– Негізі, мамандығым – мұғалім. Бірақ, әрқашан бухгалтерлік қызмет қызықтыратын. Бұл кәсіптің қыр-сырын танудың сәті туғандықтан пайдаланып қалуды жөн көрдім. Сабақ қиын деп айта алмаймын. Дәріс оқушылар тақырыпты жақсы түсіндіріп жатыр.

Дәріс оқушы мамандар – жергілікті бухгалтерлік фирма қызметкерлері. Дәріс тыңдаушылардың мақсаты – мамандығы бойынша тәжірибесін арттыру, кейбірі жаңа кәсіп меңгергісі келеді.

НАТАЛЬЯ АЛЕКСЕЕВА, бухгалтерлік фирма директоры:

– Мамандарымыздың тәжірибесі мол. Күнде шәкірттерге бухгалтерлік есеп-қисап жөнінде тереңінен түсіндіреді. Оқыту курсы бір ай бойы жалғасады. Сабақты үш күн бұрын бастадық. Дәріс тыңдаушылардың үйренетін тұстары әлі көп. Соңында әрқайсысына сертификаттан беріледі.

Жалпы, бұл “АРДОС-Жүрек” ұйымы қолға алған жалғыз бастама емес. Алда әлі 5 кәсіп иесінің қыр-сырын тануға мүмкіндік беретін курстар ұйымдастырылмақ. Олар: бизнес бастау әрі жүргізу, мобилогроф, веб-дизайнер, тағысын тағы. Қарап отырсаңыз, барлығы – сұранысқа ие бағыттар. Оқыту курсы басталмас бұрын тыңғылықты дайындық жүргізіледі екен: әуелі топ құрылады, сосын азаматтардың ерік-қалауы сұралады, ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Зерттеп-зерделеуден кейін тәлімгерлер іздестіріледі.

АҚЖАН КӘРІМ, “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ директоры:

– Бұндай оқыту курсының пайдасы зор. Себебі, өздеріңіз білетіндей, мүгедектігі бар жандардың көбі үйде отырады. Сыртқа шыға алмайды. Ал курсты аяқтағаннан кейін онлайн болсын, оффлайн болсын, жұмыс істей алады. Осы жылы бухгалтерлік курсты бірінші рет өткізіп отырмыз. Алдағы уақытта тілек білдіргендердің қатары көп болса, тағы бір ұйымдастырып жібереміз.

“АРДОС-Жүректің” жоспары көп. Қыз-келіншектер арасында бет әрлеу сабағын өткізу де ойда бар.

 

Мәдина Қаби