Ауыл шаруашылығы

Құрылғанына 30 жылға жуықтаған шаруа қожалығы

Уәлиханов ауданына қарасты Телжан ауылындағы «Беркут» деп аталатын шаруа қожалығы 26 жыл бұрын құрылған. Жетекшісі – Владимир Оспа. Еңбеккер өсімдік шаруашылығымен айналысады. Негізінен бидай мен арпа егеді. Владимир Леонидович тұқым сапасына баса мән береді. “Тұқым жақсы болса, одан алатын өнім де берекелі болады”,- дейді. Оны 2-3 жыл сайын жаңартып отырады екен. Егіс аумағы 2 мың гектардан асады. Шаруа қожалығының жанынан жауапкершілігі шектеулі серіктестік те құрылған.

ВЛАДИМИР ОСПА, “Беркут” ШҚ директоры, Уәлиханов ауданы:

– Бидайдың «Омбы 35» және «Урал-Сібір» деген сұрпын ектік. Омбы-35 – екінші репродукциялық, Урал-Сібір деген түрі үшінші репродукциялық болып саналады. Шаруа қожалығы бойынша мың жарымға жуық гектар, серіктестік бойынша 700 гектар жерге дән сіңірдік.

Кәсіпкер өз қамын ғана ойламай, жергілікті тұрғындарға да көмектесіп тұрады. Мәселен, отын-шөбін әзірлеуге қолғабыс етеді, қыста жолды тазалайды, мектеп оқушыларын марапаттауға септеседі. Мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған. 10 техникасы бар.

ВЛАДИМИР ОСПА, “Беркут” ШҚ директоры, Уәлиханов ауданы:

– Жұмысшылар қыста қазандықта жұмыс істеп, өздерінің нәпақасын тауып жүреді. Қалғаны кәсіпорында техниканы жөндеу жұмысымен айналысады, қар тоқтату шараларын жүргізеді. Қолдарына 100-120 мың теңге алады. Оларға тиісті зейнетақы аударымдары жасалады. Жазда 150 мың теңгеден көп жалақы алады. Еңбекақы көлемі адамның атқарған жұмысына байланысты өзгеріп тұрады.

Жалпы, Уәлиханов ауданында 40-қа жуық серіктестік пен 100-ден аса шаруа қожалығы бар. Диқандар 200 мың гектардан астам жерге дәнді дақыл еккен. Жемшөп 34 мың гектардан астам алқапты қамтыған.

 

Данаш Хамза