Білім

Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі жабылуы мүмкін

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі алдында әдетте студенттер немесе ұстаздар бас қосатын. Бүгін ата-аналар қауымы жиналып отыр. Олардың өз көздегені бар. Бұл колледж жабылады деген ақпар желіде желдей есті. Мұнда жиналған халық білім ұясының жабылмағанын қалайды. Сол себепті, осында келіп, мәселені көтерді.

Тапа-тал түсте топтасқан теріскейліктерде кешеден бері көңіл күй жоқ. Олар Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі жабылатындығына үзілді-кесілді қарсы. Балалар бір немесе бірнеше курсты тәмамдады, ортаға үйреністі. Студенттердің арасында ақылы негізде оқитындар да бар. Яғни, бұлар ақшаны желге шашты. Топ арасынан әртүрлі пікір айтылды.

ӘЛИЯ БАЯЗИТОВА, қала тұрғыны:

– Бұнда менің жиен немерем оқиды. Былтыр “Аудармашы” мамандығы бойынша түсті. Жақсы оқиды, жоғары шәкіртақы алады. Кеше колледж жабылады дегенді естідік. Енді баламыз қайда барады? Мамандықты қалай алады?

Қойылған сауалда есеп болмады. Базына арқалаған бұқарамен облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова тілдесті. Топ арасында аға буынмен бірге келген Әділбек Асылбеков есімді студент тұрды. Талапты жас колледжінің жабылмағанын қалайды.

ӘДІЛ АСЫЛБЕКОВ, Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенті:

– Былтыр “Заңгер” мамандығы бойынша оқуға түстім. Осында оқып, диплом алғым келеді. Мұнда барлығы бір-бірімен тату, ұстаздар қауымы білікті. Өзімнің достарым, оқытушыларым үшін уайымдап тұрмын. Мәселе оң шешім тапса екен. Мен және топтастарым осыны қалайды.

1999 жылы ашылған Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі – жекеменшік ұйым. Құрылтайшысы оқу ұясын жабу жайлы ұжым мен ата-аналарға ғана хабарлаған. Жауапты органдарға әлі ресми құжат жолдамаған. Білім басқармасы жауапты тұлғамен тілдеседі. Жұртшылықтың тілегін жеткізеді. Көп ұзамай жерлестерімізге ақпар да ұсынылмақ.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні бұл жерде 310 студент оқиды. Соның 80 пайызы – грантта. Ата-аналарға өзіміздің ұстанымды айттық. Біз колледждің жабылмауы үшін жұмыс істейтін боламыз.

Кездесу соңында ішке өтіп, колледж директорының міндетін атқарушымен тілдестік. Ол өзін камераға түсірмеуді сұрады, коммерциялық орындардың аз болуына байланысты жұмыс істеу тиімсіз екенін айтты. Құрылтайшы қазір Алматы қаласында екен. Оның аяқ-асты қабылдаған шешіміне жұмыссыз қалатын 50 қызметкер қарсы. Айтпақшы, колледжде 1-ші курсқа қабылдау жүргізілген.

 

Байболат Құлтанов