Sailau banner

Қоғам

СҚО-ға биыл 3 мыңға жуық қоныс аударушы көшіп келеді

Биыл облыста 2702 қоныс аударушы мен 207 қандасты қабылдау жоспарланып отыр. Теріскей өңіріне көшіп келген азаматтар 191 елді мекенге қоныстандырылады және оларға мемлекеттік тиісті қолдау көрсетіледі.
Көшуге арналған материалдық көмек бір мезгілде отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша материалдық көмек ай сайын 12 айдан аспайтын 15-30 АЕК мөлшерінде төленеді. Келген отбасыларға көшуге субсидиялар төлеу және тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға немесе салуға экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру түрінде материалдық көмек көрсету көзделген. Жыл басынан бері 162 отбасына экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылыпты.

Квотаға енгізілген қоныс аударушылар мен қандастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау:

1) көшуге материалдық көмек көрсету
2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу
3) техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жолдама
4) жаңа тұрғылықты жерінде кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу

Сондай-ақ, бейінді сала мамандары қоныс аудару мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Облыс өкілдері бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып, жұмыс күші артық өңірлердің халқымен жүздеседі. Делегация құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен жұмыс берушілер кіреді. Осы мақсатта солтүстікқазақстандық делегация биыл Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау облыстары мен үш мегаполисте болған.

 

Данаш Хамза