Sailau banner

Қоғам

Өңірде тіркелген адам азаптау және сыбайлас жемқорлық фактілері

Бес саусақ бірдей емес дегендей, тұрғындар тарапынан құқық қорғау органдары өкілдеріне түрлі айып тағылады. Кейбір жандар азаптау орын алғанын да айтып жатады. Әлеуметтік желіде талай кездестірдік. Бұл бағытта прокурорлар ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Қазір шенділер тергеу барысын онлайн режимде қадағалайды. Біршама уақыт сақталатын бейнежазба тағы бар. Осы және өзге де шаралардың нәтижесінде былтыр елімізде азаптау бойынша жазылған арыз көлемі 2 есеге азайыпты.

ОЛЖАС КЕҢЕСОВ, СҚО прокурорының көмекшісі:

– 2024 жылдың артта қалған кезеңінде сотқа 33 адамға қатысты 12 қылмыстық іс жолданды. Нәтижесінде 6 адам түрлі мерзімге сотталды. Бұл – жалпы ел көлеміндегі көрсеткіш. Біздің өңірге келетін болсақ, былтыр 5 жайтқа қатысты тергеп-тексеру жүргізілді. Биыл мұндай 2 жағдай тіркелді. Алайда, азаптау бойынша жазылған арыздардағы фактілердің бірде-бірі дәлелденбеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс прокуратурасының аға прокуроры Марат Қазиев те сөз алды. Ол сыбайлас жемқорлық жайлы баяндама оқыды. Қоғам дертінің жойылар түрі жоқ. Биыл аймақта тіркелген фактілер саны былтырғыдан басым. Мәселе күн тәртібінде тұрғаны мәлім. Сондықтан, 36 қылмыстың 32-сі жедел түрде ашылған. Қолға түскендердің арасында қапқа сыймас қаржы сұрағандар да бар.

МАРАТ ҚАЗИЕВ, СҚО прокуратурасының аға прокуроры:

– Өңірімізде квазимемлекеттік сектор субъектісі ретінде тіркелген, мемлекеттің 100 пайыздық үлесі бар ірі кәсіпорынның бұрынғы басшысы жауапқа тартылды. Ол 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін Петропавл қалалық сотының үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, кәсіпкерден 10 000 теңге көлемінде пара алған мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері жаза арқалады. Пара берушіге де, пара алушыға да айыппұл салынды.

Заң қатаң. Ала жіпті аттағандар не айыппұл арқалайды немесе бірнеше жылға темір торға қамалады. Осыны ұғыну керек.

МАРАТ ҚАЗИЕВ, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

– Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік 100-ден 1500 АЕК-ке дейін (369 200 теңгеден 5 538 000 теңгеге дейін) айыппұл түрінде қарастырылған, сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, айыппұл (пара сомасынан) немесе 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Шенділер тұрғындарды сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырады. Ол үшін 1424 нөміріне хабарласып, ақпар ұсынылса жеткілікті. Айтылғанның барлығы мемлекет қорғауында болады.

 

Байболат Құлтанов