Sailau banner

Қоғам

Кішкенекөл орта мектебі “Ауыл – ел бесігі” аясында жөнделіп жатыр

40 жылдық тарихы бар №2 Кішкенекөл орта мектебінің жөндейтін жері аз емес. 2019-да терезелері ғана ауыстырылыпты. Араға бес жыл салып “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында тағы бір жөндеудің сәті түсті. Биылғы жұмыс ауқымы кең. Білім ұясына 174 млн теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Мердігер – петропавлдық. Іске маусымның басында кірісіпті. Күрделі жөндеу жұмысын тамыздың бел ортасына дейін бітіреміз дейді.

КЕНЖЕБОЛАТ МАХМЕТОВ, мердігер серіктестіктің басшысы:

– Келе салысымен 2-ші және 3-ші қабаттағы бұзу жұмыстарына кірістік. Демонтаждау аяқталды. Жаңа электр сымын тарттық. Жоба бойынша бүкіл электрмен қамту және жылу жүйесін жөндеп, өңдеу-әрлеу жұмыстарын атқаруымыз керек. Нысанда 27 адам жұмыс істеп жатыр. Өңдеу-әрлеу жұмысына жергілікті жердің тұрғындарын тартуға тырысудамыз. Жол картасы аясында төртеуін жұмыспен қамтыдық.

Мектепте 500-ден астам бала оқиды. 70-тен аса мұғалім жұмыс істейді екен. 40-тан астам оқу кабинеті бар. 2022 жылы Білім беруді тұрақты дамыту қоры тарапынан материалдық-техникалық қамту бойынша қолдау көрсетіліпті. Мектепте балалардың сапалы білім алуына тиісті жағдай жасалған.

АРСЛАН СҰЛТАНОВ, №2 Кішкенекөл орта мектебі директорының орынбасары, Уәлиханов ауданы:

– Мектептің интернаты бар. Онда 6 бөлме орналасқан. Сол бөлмелерді жөндеу керек. Интернаттан бөлек асхананы да оңдаймыз. Акт залы, спортзал және өзге де бірқатар кабинет жөндеу көреді.

Уәлиханов ауданында 24 мектеп болса, соның біреуі ғана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп жатыр. Жалпы, облыс бойынша биыл жөндеу жұмысымен 50 білім мекемесі қамтылады. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге бағытталған. Оның 3 млрд-қа жуығы, бұл – 22 нысан, “Ауыл – ел бесігі” аясында бөлінген. Бүгінде 30-дан астам мектептегі жөндеу жұмысының жартысынан астамы тындырылған.

 

Данаш Хамза