Sailau banner

Қоғам

Жұмабаевтық жігіттер тасқын зардабын жоюда

Бұл – екінші Заречный көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үй. Қазір мұнда М.Жұмабаев ауданынан келген мехбригада жұмыс істеуде. Тасқын ауыз толтырып айтарлықтай залал келтірген. Алғашқы қабаттағы бірнеше пәтер бүлініпті. Жігіттер мына нөмірі 15-ші баспанада төбеге ғана тиіспеген. Қалғанының барлығын ауыстырыпты.

ХАМИТ ХАЛМҰРАТОВ, құрылысшы, М.Жұмабаев ауданы:

– Мына жерде 4 кісі істеп жатырмыз. Біз келген кезді үйдің іші нашар болған еді. Үйді 2 жұмадан артық жөндеп жатырмыз. Бүгін-ертең тапсырамыз.

Екі бөлмелі пәтердің иелері – зейнет жасындағы жандар. Олар істің басы-қасында жүр. Арнайы бригада мамандарымен бірге сауда орындарына барып, өздеріне ұнаған материалды таңдайды, сатып алады. Яғни, тұрғындардың ұсыныс-тілегі ескеріледі.

ДОСТАН ТАСМАҒАНБЕТОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

Бізге 139 тұрғын үй берілді. Соның 60-ы тұруға жарамсыз деп танылды. Яғни, олар апаттық күйде болды. Қалғандарын жөндеу қажет. Тұрғындардың басым бөлігі біздің ұсыныстан бас тартып, қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын өздері бастап кетті. Қазіргі таңда 18 баспанаға жауаптымыз. Соның 15-і – пәтер. 4 үй тапсырылды. Қалғандарында жігіттер аянбай тер төгіп жатыр.

Жалпы, М.Жұмабаев ауданынан 7 бригадаға бөлініп, 35 адам маңызды жұмысқа жұмылдырылған. Жоспар бойынша бекітілген үйлер тамыз айынының соңына дейін тапсырылуы тиіс.

 

Мәдина Қаби