Sailau banner

Қоғам

Өзінің білікті маман екенін сөзбен емес, іспен дәлелдеген жан

Қаламызда Иманғали Татваевты білмейтін жан кемде-кем. Оның осы күнге дейін істеген игі істері қаншама? Зейнеткер бүгінгі күні 71 жаста екен. 70-ті желкелесе де әрдайым халық қамын ойлап жүрген ақсақал еңбек өтілін қарапайым жұмысшыдан бастап, білдей бір зауыт директорына дейін көтерілген. Қазіргі таңда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Өзім Ресейдің Қорған облысының тумасымын. Әскери борышымды Германияда өткердім. Зейнетке дейін банкте инженер болып істедім. Одан кейін осы қалалық ардагерлер кеңісіне шақырды.

Иманғали Сұлтанұлы қала тұрғындары арасында беделге ие. Ел ағасы су тасқыны кезінде ауқымды істер атқарды. Өзінің сан жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, маңызды шешімдер қабылдады. Айта кету керек, апат кезінде ақсақалдың үйі де су астында қалған. Бірақ, баспанасы суға кеткенмен, салы суға кеткен жоқ. Азамат өзінен гөрі халықты биік көреді. Сонымен қатар, ол қалалық қоғамдық комиссия мүшесі болып саналады.

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Тасқын кезінде ауқымды жұмыс атқарған әскери академия курсанттарына тамақ апарып, жылы сөздерімізді айттық. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ақсақалдың әріптесімен де тілдесіп көрдік. Оның сөзінше, Иманғали Татваев ұжым арасында да сыйлы және өз ісінің маманы екен. Қашанда көлігі сайлы тұратын, көңілі жайлы жүретін ағамыз қаламызда өтетін барлық іс-шаралардан қалыс қалмайды.

РИММА НАСРЕТДИНОВА, қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы:

– Иманғали Сұлтанұлымен 8 жылға жақын бірге жұмыс істеймін. Өте жақсы кісі. Ол әрқашанда халықтың мүддесін қорғайды. Тасқын кезінде де біршама жұмыс атқарды. Тіпті, бөгет бекітіп жатқан азаматтарға өз қалтасынан ақша шығарып, жұбайына тамақ пісіртіп, апарып берген болатын. Иманғали ағамыз – ұжым арасында да сыйлы және құрметті азамат.

Айта кету керек, 14-ші шілде күні Иманғали Татваев облыс әкімінен тасқын кезінде ауқымды іс атқарғаны үшін Құрмет грамотасын алған болатын.