Құқық қорғау органдары

2024 жыл – ішкі істер органдарында кадр әлеуетін арттыру жылы

Облыстық полиция департаментінде тәлімгерлер кеңесінің есептік кездесуі өтті. Жиынға ведомство басшылығы, ардагерлер кеңесі және жас қызметкерлер қатысты. Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, ардагерлер ауылдық жерлерде қызметтік-іздестіру иттері мен кинологтарды, сондай-ақ, жылдам қимылдайтын арнайы жасақты тарта отырып, кеңейтілген форматта кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуді және ведомстволық музей экспозицияларының жылжымалы көрмелерін белсенді қолдануды ұсынды.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

– Министр 2024 жылды ішкі істер органдарында кадр әлеуетін арттыру жылы етіп жариялады. Оның шеңберінде жеке құрам арасындағы жұмыстарды жетілдіру бойынша бірқатар мақсатты шаралар қолға алынып жатыр. Дербес бөліністердің басшыларының алдына қойылған міндеттердің бірі – ардагерлерді жеке құраммен жүргізілетін жұмыстарға, әсіресе, тәлімгер ретінде белсенді жұмылдыру.

Облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Абылғазы Ғабдуллин бос лауазымдарды жасақтау жөніндегі жұмыс туралы және полиция қатарындағы тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі туралы баяндады. Есептік кездесуде бірқатар ардагер департаменттің алғыс хаттарымен марапатталып, жеке құрамның қошеметіне бөленді.

ХАЙДАР КӘШЕНОВ, СҚО ПД тәлімгерлер кеңесінің төрағасы:

– Тәлімгерлер және ардагерлер кеңесінің негізгі мақсаты – кәсіби мамандарды даярлауда полиция департаментінің басшылығына көмектесу. Жас қызметкерлерге кеңес беріп, жол көрсету.

Тәлімгерлер кеңесі институты өткен жылдың қараша айында ішкі істер министрінің тапсырмасымен құрылды. СҚО-да бұл ұйымға мол тәжірибесі бар ішкі істер органдарының ардагерлері мүшелік етеді.

 

Мәдина Қаби