Қоғам

Жарасбай Сүлейменов «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды

«Түзу ағаштың көлеңкесі» спектаклі есімі республика жұртшылығына белгілі қаламгер Жарасбай Сүлейменовтің 75 жасқа толу мерейтойына арнайы сахналанған. Спектакльдің қоюшы режиссері – Дәурен Тойбазаров. Қойылымға С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма-театрының әртістері жұмылдырылған. Режиссердің сөзінше, спектакль шынайы оқиғаға негізделген.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Жарасбай ағаның бұл шығармасын қалың көрермен назарына ұсыну – мен үшін әрине мақтаныш. Дегенмен, қобалжу да бар. Бір айдан астам уақыт дайындалдық. Театр сахнасына сай кейбір жерлерін автормен бірлесе отырып та қысқарттық. Спектакльде көреалмаушылық, сатқындық оқиғалары бейнеленеді.

Іс-шараға жиналушылардың назарына алдымен спектакль ұсынылды. Театр әртістерінің өнерін келушілер жоғары бағалады.

Мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдаған. Оны облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов оқып, иығына шапан жапты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қасиетті Қызылжар жерінен елге танымал Қожаберген жырау, Ақан сері мен Мағжан, Сәбит пен Ғабит сынды талай тұлғалар шыққан. Қазіргі тәуіелсіз еліміздің өркендеуіне көп үлес қосқан азаматтар да бар. Солардың бірі – осы той иесі, ел азаматы Жарасбай Сүлейменов. Жаңа барлығымыз керемет спектакль тамашаладық. Кешеден бері ағамыздың мерейтойына орай түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Мұның барлығы ел ағасына көрсетілген халықтың құрметi.

Жарасбай Сүлейменов Мәжілістің 4-ші шақырылымының ең белсенді депутаты ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, маңызды заңдардың қабылдануына атсалысқаны халық жадында. Мерейтой иесінің телевизия, газет саласында да сіңірген еңбегі елеулі. Биыл Жарасбай Қабдоллаұлы Қызылжар өңірінен алғаш болып Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленіп отыр. Бұл – облыс руханияты мен әдебиеті үшін зор жетістік. Іс-шарада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы да мерейтой иесіне салтанатты түрде табысталды.

Жарасбай Сүлейменовтың 75 жасқа толуына орай жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Туған жерім – тірегім» атты эссе байқауының облыстық кезеңі өткен болатын. Іс-шара барысында байқау жеңімпаздары да марапатталды.

 

Данаш Хамза