МТРА жаңалықтарыБілім

Қозыбаев университетінде грантқа өтініш қабылдау басталды

Қозыбаев университетінің есігі талапкерлерге айқара ашық. Шілденің 13-і күні жергілікті жоғары білім беру ошағында грант конкурсына құжат қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Білікті мамандар осы айдың 24-іне дейін білім нәрімен сусындаймын деген әр талапкерге қызмет көрсетеді.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:

– Қабылдау комиссиясы демалыссыз жұмыс істейді. Бізге бөлінген гранттың саны көп. Педагогикалық квота бойынша 300 грант беріледі.

Демалыс күні болса да келген талапкерлердің қарасы қалың. Биыл Қозыбаев университетіне 2 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Бұл былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда көп. Бұған себеп – мемлекетіміз тасқыннан зардап шеккен аймақ түлектеріне ерекше назар аударған. Тағы бір айта кететін жайт, солтүстікқазақстандық мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырған ҰБТ-нің 2 сертификатын ғана емес, 4 сертификатын әкеле алады. Яғни, қаңтар және наурыз айларындағы құжаттары да тегін білім беру конкурсына қатысуға жарамды.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:

– Биылғы жылы 2 су жаңа жатақхана қолданысқа берілмек. Студенттеріміз шетелге практикаға бара алады. Қазіргі таңда 6 мемлекетпен бірлесе жұмыс істеудеміз.

Жергілікті жоғары білім ордасын таңдап, жаңа өмірге нық қадам басқандардың бірі – Мирас Сексембаев. Жігерлі жас құжатын физика пәні мұғалімі мамандығына тапсырды.

МИРАС СЕКСЕМБАЕВ, талапкер:

– Мамлют ауданы Бексейіт ауылынан келіп отырмын. ҰБТ-дан 80 балл жинадым.

Грант конкурсының нәтижесі 10-шы тамызға дейін белгілі болмақ.