Мәдениет

Есіл ауданының Мәдениет үйі екі жыл қатарынан үздік ұйым атанды

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Әнім де сен, жырым да сен, QYZYLJAR» атты гала-концерт өтті.

Бірінші болып өнер сахнасының шымылдығын Ақжар ауданын келген «Айтұмар» би ансамблі ашты. Өнер мектебінің қыздары мың бұралып, «Той думан» атты билерін паш етті.

ПЕРИЗАТ ШАЙМЕРДЕНОВА, “Айтұмар” би ансамблінің мүшесі, Ақжар ауданы:

– Біз концертке екі би дайындап әкелдік. Барлығымыз бимен 5 жастан бері айналысып келеміз. Топтамамызда әртүрлі билер бар. Олар; эстрадалық, ұлттық билер. Менің ойымша, қатысушылардың барлығы жақсы орындарға лайықты. Өзіміз де жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын.

Залда ине шаншар жер жоқ. «Өнерлінің өрісі кең» деп бекер айтылмаса керек. Әуелеген әуезді кеш ұсынған өнерпаздардың тартуын өнерсүйер қауым ұйып тыңдады.

Гала-концертте Мәдениет үйлері арасында өткен облыстық байқаудың қорытындысы шығарылды. Сәуір айында бастау алған өнер сайысы барысында қазылар алқасы бүкіл ауданды аралаған болатын.
ды.

ЖАНБОЛАТ МҰҚАНОВ, облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт өткізу орталығының директоры:

– Облыстық байқаудың бас жүлдесін өткен жылы Есіл ауданының өнерпаздары иеленген болатын. Осы жылы кім болатындығы барлығына қызық, әрине. Біз мәдениет үйлерінің қандай өнер дайындағанына басты назар аудардық. Мысалға айтатын болсақ, кейбір аудандар терме, жыр, күй орындаудан ерекше көзімізге түсті. Себебі, оны кез келген адам ойнай алмайды. Гала-концертті ұйымдастырудағы мақсат – өнерді дамыту. Осындай шараларды жиі ұйымдастырудың нәтижесінде бұл бағыт жақсы дамып келеді.

Жеңімпазды анықтайтын уақыт та жетті. Үздік Мәдениет үйін қазылар алқасы өзара талқылап, таңдаған. Жеңімпазды көпшілікке облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жариялады. Өңір жетекшісі әуелі мәдениет саласының дамуына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, облыс әкімі:

– Есіл аудандық Мәдениет үйі осымен 2-ші жыл қатарынан облыстық байқаудың бас жүлдесін иеленіп отыр. Гала-концертте есілдіктер де өз өнерін көрсетті. Аталған ауданда жалпы 20-дан астам Мәдениет үйі бар екен. Жеңімпаз өнер ұжымына қызметтік көлік берілді.

НҰРКЕН СЕЙСЕНБАЕВ, Есіл аудандық Мәдениет үйінің директоры:

– Биылғы жүлде облыс әкімінің қолдауымен, Мәдениет үйіне жаңа автокөлігін беріп жатыр. Өте қуаныштымыз жеңіске жеткенімізге.

Ал бірінші орынды Ғ.Мүсірепов ауданы иеленсе, екінші орынға мамлюттіктер тұрақтады. Үздік үштікті Тайынша ауданының Мәдениет үйі тұйықтады. Жүлдегерлердің барлығы ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Мәдина Қаби