Қоғам

“Бірлік” тұрғындарына гуманитарлық көмек таратылды

«Ауыл» партиясының мүшелері тасқыннан зардап шеккен жандарға қол ұшын созуды жалғастыруда. Олар күні бүгінге дейін су астында қалған әр аймаққа барып, жан-жақты қаржылай және материалдық көмек көрсетіп жатыр. Партия өкілдері шілденің 13-і күні “Бірлік” ықшам ауданындағы бір топ отбасыға гуманитарлық көмек таратты.

ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары:

– Сіздердің өңірге 60 тонна жылу жібердік. Бүгін міне, 2 мың қаз балапаның және 60 тонна жем әкелдік. Осыған дейін Қостанай, Ақмола облыстарына барған болатынбыз.

Бүгінге дейін су басқан өңірлерге «Ауыл» партиясы тарапынан 513 млн теңгеге 613 тонна жылу жіберілген. Қаражатты аталған ұйым өкілдері жинаған.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, “Ауыл” ХДПП СҚОФ төрағасы:

– Су тасқыны басталғаннан бастап біздің партия мүшелері, еріктілеріміз аянбай тер төгуде. Жоспарларымыз көп. Зардап шеккен барлық тұрғынға көмектесе алмасақ та қолдан келгеннің бәрін істейміз.

Гуманитарлық көмекті алғандардың арасында Оразғали Әлдекеев та бар. Оның жаңа ауданда тұрып жатқанына 1 айдан асыпты. Ол осындай қолдау көрсетіліп жатқанына дән риза.

ОРАЗҒАЛИ ӘЛДЕКЕЕВ, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:

Бұл – біз үшін өте үлкен көмек. Партияға алғысым шексіз. Осы қаз балапандарын күзге дейін өсірсек бірсыпыра ет болатыны айдан анық.

Алдағы уақытта партия өкілдері көмекпен тасқыннан зардап шеккен басқа да өңірлерге ат басын бұрмақ.