Экология

Жастар арасындағы интеллектуалдық ойын

“Табиғатты таза ұстау – әрбір азаматтың борышы”. Петропавлдық жастар осындай тақырыпта интеллектуалдық ойын ұйымдастырды.

Тұрғындардың көбі қоршаған ортаның тазалығына аса мән бере қоймайды. Қалалық жастар ресурстық орталығының мүшесі Әли Әшкеннің ойынша мұндай ойындар жиі өтіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

ӘЛИ ӘШКЕНОВ, волонтер:

– Көптеген іс-шараларда адамдарға ең маңызды деген мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Соның бірі – өзіміздің экологиямыз. Қазіргі таңда көп адамдар экологияның тазалығына немқұрайлы қарайды. Осындай шаралар ең алдымен жаһандық мәселелерді ойландыруға, мәселені бірлесіп шешуге көмектеседі.

Көпке созылмай ойын да басталып кетті. Қатысушылар үш командаға бөлініп, қоршаған ортаға байланысты сұрақтарға жауап берді. Мысалы: жердің белсенді қабаты қалай деп аталады, Қызыл кітап қай жылы пайда болды деген сияқты сұрақтар қойылды. Оған жауап беру біреуге оңайға соқса, кейбіреуіне қиындық тудырды.

ОКСАНА ГОНЧАРЕНКО, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Жыл басынан бері осындай 15-ке жуық ойын ұйымдастырдық. Ой өрісін дамытатын осындай зияткерлік сайыстар қажет-ақ. Себебі, қоршаған ортаны қорғау туралы жастар ойламағанда кімдер ойлайды? Олар – біздің болашағымыз. Біз өзіміз де қатысып жатырмыз. Ойын қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Кейбір сұрақтың жауабын табу, әрине, қиынға соғуда.

Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай интеллектуалдық сайыстар жастардың білімін молайтуға септеседі.

 

Мәдина Қаби