Қоғам

Көптен күткен қоныстой

Топан судан зардап шеккен отбасылардың тағы бір легі баспаналы болды. Үйлер 40 күннің ішінде бой көтерді. Қуаныш иелерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Біз сіздермен тағы бір қуанышты себеппен жиналып отырмыз. Сіздерді облыс әкімі атынан шын жүректен құттықтаймын. Жаңа баспана жаңа бақыт пен береке әкелсін.

Көптен күткен сәт те келіп жетті. Марат Тасмағанбетов біртіндеп үй иелеріне пәтер кілтін табыстады. Қоныс иелерінің қуанышында шек жоқ.

Қоныстой тойлаушылардың ішінде Әубәкіровтер отбасы бар. Олардың қуанышында шек жоқ. Аталған жанұя дәл осындай үй беріледі деп еш ойламаған. Үй іші кең, керектінің бәрі бар. Марат Иманбайұлы баспанаға кіріп, жасалған жағдаймен танысты.

ЖАСҰЛАН ӘУБӘКІРОВ, үй иесі:

– Аяқ астынан су келген кезде абдырап қалдық. Тек құжаттарымызды алып үлгердік. Бірақ, бәрі орнына келді.

Ойқала тұрғыны Гүлнәр Бақаева да баспаналы болды. Нәзікжанды өмірінің жаңа парағы осында басталады деген сенімде. Алдағы уақытта бұл отбасы берілген үйді өздеріне икемдеп алу үшін, жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізбекші.

ГҮЛНӘР БАҚАЕВА, үй иесі:

– Тасқын кезінде үйіміз орнынан жылжып кеткен болатын. Міне, жаңа баспана алып отырмыз. Барлығына алғысымды айтамын. Өз басым жер үйде тұрғанды құптаймын.

Нәзікжандыға берілген үйді “ПетроАльянс” серіктестігі салып беріпті. Білікті мамандар Бірлік ықшам ауданында сәуір айынан бері аянбай тер төгуде.

АЛЕКСЕЙ КОТОВ, “ПетроАльянс” ЖШС директоры:

– Үйлердің сапасы жақсы. Баспаналарға 2 жыл кепілдік берілген. Егер арыз-шағымдары болса, бізге бірден жүгіне алады. Осы күнге дейін 15 су жаңа үй салдық. Біз салған баспаналардың дизайны да ерекше. Барлық тұрғындарды қоныстойларымен құттықтаймын.

Бірлікте үйлер аз уақыт ішінде бой көтерді. Осыған қарап құрылысшылардың білікті мамандар екенін көре аламыз. Қазіргі таңда шағын ауданда 1500-ге жуық іскер жан еңбек етуде.