Қоғам

Дайындық ауылы адам танымастай өзгеруде

Бүгінде Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылының келбеті соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай өзгерген. Биылдың өзінде жергілікті серіктестік басшысының бастауымен 10-нан астам үй салынып, жаңа спорт кешені ашылмақ. Ал ауылдың жолдары толығымен асфальтталған.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық-Агро” ЖШС директоры:

– Ауылға ақсақалдардың шақыртуымен келген болатынмын. Елді мекен мен барған уақытта құрып жатқан болатын. Қазір жігіттердің көмегінің арқасында бірге көтерілдік.

Ауыл тұрғындарының саны жыл сайын артуда. Осыдан 28 жыл бұрын елді мекенде 28 үй ғана болса, бүгінде 100-ден астам түтін бар. Бұған себеп – ауылда адамдардың алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған және әр жан жұмыспен қамтылған. Елді мекен тұрғындарына арналып супермаркет салынған. Тіпті, барлық баспанаға су құбыры тартылып, жылыту жүйесі қосылған.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық-Агро” ЖШС директоры:

– Бұрындары 1 үй ғана салушы едік, қазір бір көше салатын жағдайымыз бар. Бұның бәрі еңбектің және мемлекеттік қолдаудың арқасында. Биылғы жылы “Солтүстік кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ-дан төмендетілген пайызбен қаражат алып, қара мал әкелдік.

Ауыл тұрғындарымен тілдесіп көрдік. Олардың сөзінше, Біржан Әбділманапұлы ешбір жанның өтінішін жерде қалдырмайды екен.

РОЗА ЖАКУПОВА, ауыл тұрғыны:

– Ауылда тұрып жатқаныма 20 жыл болды. Елді мекенге жыл сайын түрлі ғимараттар салынуда. Өзім супермаркетте жұмыс істеймін.

Мақпоз Өмірбеков ауылға былтыр ғана көшіп келіпті. Ол елді мекенге сонау Монғолиядан қоныс аударған. Қазір шаруа қожалығында малшы боп қызмет атқарады. Осыдан-ақ өңіріміздегі ауылдардың көркейіп, гүлденіп жатқанын көре аламыз.

МАҚПОЗ ӨМІРБЕКОВ, ауыл тұрғыны:

– Ауылға көшіп келгеніме 1 жыл болды. Бізге жаңа үй берілді. Өзімнің 5 бала-шағам бар. Барлығы мектепке орналастырылды. Дайындық – өте тамаша ауыл. Бәрімізге ұнап жатыр.

Айта кету керек, бүгінде ажарлы елді мекенде 320 адам тұрады.