ЭкологияҚоғам

Балық шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Шілде айының екінші жексенбісі – балық шаруашылығы қызметкерлері күні. Осыған орай бүгін саланың бір топ маманы марапатталды. Мереке иелерін өңір жетекшісінің атынан орынбасары Рүстем Құрманов құттықтап, Алғыс хат табыс етті.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Өзімнің және өңір жетекшісінің атынан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Салтанатты жиынға мемлекеттік орган қызметкерлері мен жекеменшік ұйым өкілдері де келіп отыр. Сіздер балық шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосып жатырсыздар. Біз өз тарапымыздан қолдау білдіріп, сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға әзірміз.

Облыста жылына 2 мың тонна балық өнімі өндіріледі. Тауар жергілікті жерде және елордада сатылып, Ресей нарығына да жеткізіледі. Өңірдің балық шаруашылығында шамамен 500 адам тер төгіп жүр.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Біздің облыс көлге бай. Оның ішіндегі балық та мол. Балық ауланатын су айдындарының саны 2 жарым мыңнан асады. Оның 600-ге жуығының балық шаруашылығы үшін болашағы зор. 300-ден аса көл жалға алушыларға берілген. Олар келісім шарт аясында сол көлде балық аулап, балық өсірумен айналысады.

Өңірде форель өсіру мен балық өңдеу бойынша жаңа инвестициялық жобалар жоспарланған. Осы істі әкелі-балалы Уховтар қолға алмақшы. Николай Дмитриевич ұлы Александрмен бірге осы бағытта кәсіпорын ашқысы келеді. Қазір 9 көлді жалға алған, негізінен Мамлют ауданында жұмыс істейді. Жылына 100 тонна балық аулайды екен.

НИКОЛАЙ УХОВ, “ПЕТРОФОРЕЛЬ” БШ ҰӨО” ЖШС директоры:

– Форель өсіру оңай емес, оны әуелі біздің жақтың климатына бейімдеу керек. Дегенмен, бұл бағытта алға жылжушылық бар. Аналық база құрылған. Форельді өзімізде инкубациялап, көп көлемде көлдерге жіберуге болады. Бейінді басқарманың және жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен бұл іске қарқын қосуды жоспарлап отырмыз.

Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы құрылған. Аталған құжатқа сәйкес кәсіп иелері балық өнімі көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізуді межелеп отыр.

 

Мәдина Қаби