Экология

Экологиялық акцияларды жалғастыра беру керек – Ирина Эктова

Өңірде бірінші жартыжылдықта 1400 гектар жерде 9 млн-ға жуық ағаш егілген. Жыл соңына дейін қосымша тағы 2 мың гектардан астам аумақта 13 млн-нан астам жасыл желек отырғызылады. Бұл туралы “Amanat”-тың облыстық филиалында өткен экологиялық кеңесте айтылды. Жиында сайлауалды бағдарламаның ішіндегі орман алқаптарын 7,5 мың гектарға арттыру туралы мәселе талқыланды. Жиынға қатысқан облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің айтуынша, өңірде биыл 3,5 жарым мың гектарға 22 млн түп ағаш отырғызу жоспарланған. Келесі жылы 7 мың гектар алқапқа 45 млн жасыл желек егіледі. Экологиялық кеңесте “TazaLike” жобасы аясындағы кең ауқымды шаралар туралы сөз болды. Бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында белгіленген.

ИРИНА ЭКТОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ жанындағы экологиялық кеңес төрағасы:

– “TazaLike” және “Таза Қазақстан” жобалары аясындағы “Таза бейсенбі” сияқты апта сайынғы әрі кең ауқымдағы экологиялық акцияларды жалғастыра беру керек. Бұл іске жастарды, белсенділер мен өңірдің белгілі тұлғаларын тартқан абзал. “Жастар рухы” жастар қанаты тарихи, мәдени және табиғи мұраны вандализмнен қорғау бойынша жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеуі тиіс.

 

Данаш Хамза