Қоғам

Экобейсенбі: жазушы ескерткішінің аумағы тазаланды

Кезекті экобейсенбі. Қатысушылар – жастар. Жас табиғат жанашырлары бұл жолы Ғ.Мүсірепов ескерткішінің маңайын тазалады.

Ескерткіш Мүсірепов көшесінде орналасқан. Бұл жерде саябақ бар. Саябақта 4 орындық орналасқан. Әрқайсысының тұсында бір-бір қоқыс жәшігінен. Мұнда жергілікті тұрғындар келіп демалады. Сәйкесінше қоқыс болады. Бірақ, сол қоқысты салатын жәшіктердің тазаланбағанына біраз болған сияқты. Лық толы жәшіктен қоқыс сыртқа төгіліп жатыр. Бұл іске коммуналдық қызметтер жауапты дейді ресурстық орталық мамандары. Соған қарамастан белсенділер бәрін тазалап шықты. Жазушы ескерткішінің маңына гүл егілмепті, шөбі де көтеріліп қалған екен.

МӘДИНА ИСМАИЛОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Тазалық шарасына 30-ға жуық жас жұмылдырылды. Жастар белсенділік танытып жатыр. Мұндай экобейсенбіліктерді жиі өткізу қажет. Бұл – табиғатқа деген қамқорлық. Қоршаған орта таза болады. Таза жерді қалай былғайсың әрі тазалық шарасын ұдайы түрде ұйымдастырып тұрсақ, бұл қоғамның әкомәдениетін арттыруға ықпал етеді.

Мағжан сенген жастардың бірі – Әли Әшкенов. Мектеп оқушысы қатарластарын осындай науқанға қатысып, өңіріміздің тазалығына үлес қосуға шақырады. Өзі еріктілікпен тасқын кезінен бастап айналысып келеді.

ӘЛИ ӘШКЕНОВ, волонтер:

–  Акцияның маған беретін жақсылықтары – әсем жерлерді, ескерткіштерді тазалықта ұстай аламын. Олардың одан сайын көркін кіргізуге үлесімді қосамын. Өзім сияқты мектеп оқушыларын, жастарды, еріктілерді біздің жасап жатқан жақсылықтарымызға қосылуға шақырамын.

Белсенді жастар жарты сағаттың ішінде саябақты тап-тұйнақтай етіп тазалап шықты. Аумаққа біраз көрік кіріп қалды.

 

Мәдина Қаби