Қоғам

Телжан ауылында жол салынып, су құбыры өткізілуде

Уәлиханов ауданындағы Телжан ауылында горизонталды бұрғылау арқылы су құбыры өткізіліп жатыр. Бұндай тәсіл қолданудың нәтижесінде жол бетіне ешқандай зақым келмейді. Ауыл тұрғыны Бөйкебай Рақымжановтың айтуынша елді мекенде бұған дейін су тарту қосыны ғана болған.

БӨЙКЕБАЙ РАҚЫМЖАНОВ, ауыл тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Бізде Кеңес үкіметінен қалған су құбыры болды. Омбы жақтан келетін. Тоқырау кезінде бәрі бұзылды. 2002 жылы бізге су келді. Мұнда ПРВ бар. Содан бері бізде оңды су бар. Енді биыл көріп тұрсыздар, суды үйге дейін тартқалы жатыр. Осыған да жеттік. Қазір қаладағылардың өзі елге келетін түрі бар. Неге десеңіз, көшелер асфальтталған, жарық, интернет бар, мал ұстауға жақсы. Үйге су әкелсе, тіпті рақат болайын деп тұр. Жағдайымыз жақсы.

Негізі, ауылда екі бірдей жоба жүзеге асырылып жатыр. Біреуінің аясында алғаш рет қолға алынған су құбырының ұзындығы 8 шақырымды құрайды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 380 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Жауапты мердігер – көкшетаулық «Амина» жеке кәсіпкерлігі.

ИВАН ДЕРЕВЦОВ, мердігер, Көкшетау қаласы:

– Сондай-ақ, біз резервуар қоямыз. Бұл – су жинақтағыш пен сорғы станциясы. Аталған нысанда 4 техника жұмылдырылған. Барлығы – 12 адам жұмыс істеп жатыр. Бүкіл техникалық қауіпсіздікті ұстанамыз. Біз құбырды үйлердің қоршауына дейін тартамыз. Ары қарай тұрғындар өздері жалғап алады. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Қыркүйектің соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Телжанда ауылішілік жолдар да оңдалып жатыр. Жоба 2 жылға шақталған. Өткен жылы 6 көше асфальтталса, биыл қалғанын тындырады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 250 млн теңгеден астам сома бағытталған. Бүкіл жұмыс бір ай көлемінде тындырылады.

АДАХ ТІЛЕУБЕК, мердігер, Петропавл қаласы:

– Қазіргі жағдайда мұнда 4 техника жұмыс істеп жатыр. Алла қаласа, ертең битум келеді. Сонымен қатар, асфальт салатын техникалар келеді: асфальтоукладчик, каток, барлығы – 8 техника. 15 жұмысшымыз бар. + 1:03 Ара-арасында ескі асфальт болды, соларды алып, жібітіп, жолдарды тегістеп, үстіне 15 см қиыршық тас төктік. Сол қиыршық тасты тегістеп болғаннан кейін ары қарай асфаль төсеу жұмыстарын бастаймыз.

40 жыл бойы ойлы-шұңқырлы жермен жүрген тұрғындар жолдың жаңаруы ауыз толтырып айтарлық оң өзгеріс дейді.

НҰРТАЗА ДОСХАНИН, ауыл тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Осыдан 14 жыл бұрын көшіп келгенмін 70 шақырым жерден. Жолдасыма жұмыс болып осында келдік. Өзім зейнеткермін. Ауыл жылдан-жылға көркейіп келеді. Өзіміз қуанамыз осындай оң өзгеріске. Бір жағынан мақтанамыз, осындай ауылымыз бар.

Келесі жылы Көбенсай ауылының да жолдары жаңарады. Округте барлығы – 700-ден астам адам тұрады. Телжанның өзіне 356-сы қоныстанған. Округте 6 бірдей серіктестік пен 18 шаруа қожалығы бар.

СӘНИЯ ӨТЕГЕНОВА, ауылдық округ әкімі, Уәлиханов ауданы:

– Ауылда орта мектеп бар. Оның жанынан 25 балаға арналған шағын орталық жұмыс істеп тұр. Телжанда Моңғолиядан келген 4 қандас отбасы тұрады. Үш отбасы 2018-де, біреуі өткен жылы көшіп келді. Биыл тағы бір жанұяны қарсы аламыз. Көшіп келген жандарға мемлекеттен баспана бойынша тиісті қолдау көрсетіледі. Малдары бар. Жұмыспен қамтылған.

Ажары көрікті ауылда алдағы уақытта стадион жөнделіп, балаларға арналған ойын алаңы салынады.

 

Данаш Хамза